Қарттар айлығы жүздестірді

Қарттар айлығы аясында Краснояр қалалық үлгілі кітапханасы «Қарттарым – асыл қазынам» атты іс-шара ұйымдастырды. Шара қонақтары ретінде бұрында осы кітапханада еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер кітапханашылар шақырылды.

Кітапхана – білім мен мәдениеттің алтын діңгегі. Кітапханашылар сол рухани қазынаны көзінің қарашығындай сақтап, білім мен мәдениетті кейінгі ұрпаққа жеткізуші. Осындай рухани білім ордасында жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп, немере-шөбере сүйіп, ел құрметіне бөленіп отырған Айман Ғазизқызы, Ләйла Ақжігітқызы, Бақытжан Қалымқызы, Елена Константиновна, Нурия Фаридовна кітапхананың күрделі жөндеуден кейінгі жаңаша келбетін көріп, қуаныштарын білдіріп, ізгі тілектерін арнады.

Бұрын да бірге қызмет істегенімен, бүгінгі күні бір-бірін күнде көре бермейтін әріптестер бастары қосылып, өткен-кеткенді естеріне алысып, кітапхана саласындағы жағымды жаңалықтар, жаңа бастамалар жайлы әңгімелесті. Шара барысында қонақтардың құрметіне ән шырқалып, бейнебаяндар көрсетілді. Шара соңы мерекелік дастарханға ұласты.

Үлкенді сыйлау, оларға лайықты құрмет көрсету халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. «Үлкенге – құрмет, кішіге – міндет» деген. Аға буынның салып кеткен сүрлеуі, қажырлы еңбегінің өнегесі, ғибратты кеңесі болмаса, ұрпақ сабақтастығы да болмас еді. Осынау жыл айналып келетін Қарттар айлығы аясында көкірегі шежіре, алақандары аялы, әрқашан тілеуімізді тілеп отыратын қарт ата-әжелерімізді, аналарымызды, аға буын әріптестерімізді, жасы келсе де, кітаптан қол үзбеген ойлы оқырмандарымызды мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр, бақытты өмір тілейміз. Қазыналы қарттарымыз аман болсын!

Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар