Шаршы тақтадағы сайыстар

Егде адамдарды әлеуметтік қолдау айлығы аясында Көкшетау қаласы әкімінің жүлдесі үшін ардагерлердің қатысуымен ерлер мен әйелдер арасында шахмат пен дойбыдан турнир өтті. Шаршы тақтадағы сайыстардың қорытындысы бойынша қала әкімі Бауыржан Ғайса аға ұрпақ өкілдеріне белсенді қоғамдық қызметі үшін алғыс айтып, турнир жеңімпаздарына дипломдар мен ынталандыру сыйлықтарын тапсырды.

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы шахмат-дойбы клубының мүшелері коронавирус пандемиясына байланысты шектеу талаптарын қатаң сақтай отырып, әкім жүлдесіне арналған жарысты жоғары деңгейде өткізді. Барлық ойындарда ұшқырлық танытқан Тельман Мұқышев жиырма шахматшының арасынан озық шығып, бірінші орынды иеленсе, екінші-үшінші орындарды Алпыс Жұрын мен Еркін Солтан бөлісті.

Әйел шахматшылары арасында Людмила Титенко мен Виктория Мұхамеджанованың бағы жанды. Турнирдің тартысты өтуіне белсенді үлес қосқан ардагер шахматшылар Сәкен Таңырқұлов, Қорабай Шамғанов, Сайлау Көшкенұлы, Сәбит Убышев, Рашид Гайнуллин «Ең жақсы мәре», «Жеңіске деген құлшыныс, «Ойынды сәтті бастағаны үшін», «Үздік эншпил үшін», «Жақсы ойын мәдениеті үшін» аталымдары бойынша арнайы дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Дойбышылар да жанкүйерлер үмітін ақтады. Бұл жолы Владимир Тонких, Алпыс Жұрын, Сайлау Көшкенұлы ерлер арасында үздік шықса, Виктория Мұхамеджанова мен Людмила Титенконың әйелдер арасында бағы жанды. Қала әкімі Бауыржан Ғайса белсенді қоғамдық қызметі үшін Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кіріс органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Теңбай Ыбыраев, еңбек ардагерлері Тыныштық Ахметова, Күләш Темірбаева мен Лариса Аитоваға Алғыс хаттар тапсырды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің омырауына республикалық ардагерлер ұйымының жоғары наградасы – «Құрмет белгісі» медалін қадады.

Турнир жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шараға Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Рүстем Қалышев қатысты.

Гүлжан ТІЛЕУБАЕВА,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының
орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар