Шектеу шаралары сақталуда

Өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған барлық шаралар кешені жүргізілуде, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пандемия басталғалы бері стационарларды қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектердің 85 түрі жөнелтілген. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен стационарлық деңгейде КВИ-ді емдеуге арналған препараттардың жеке резерві құрылған. Ең қажетті бактерияға қарсы препараттар, антикоагулянттар және басқа вирусқа қарсы препараттар сатып алынды. Емханалар арқылы халықты ыстық түсіретін және антикоагулянттардың бес атауы бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүргізілуде. Тұрақтандыру қорында қосымша 500 миллион теңге қарастырылған.
Өңірде КВИ-ге қарсы халықты жаппай вакцинациялау жалғасуда. Шамамен 294 мың адамға вакцина егілді. Халықты неғұрлым кеңінен қамту үшін егу пункттерінің саны 5 есеге, яғни, 27-ден 130-ға дейін ұлғайтылды. Жалпы, 260 егу пункті мен мобильді бригада жұмылдырылды. Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.
Өңірде әлі де шектеу шаралары сақталуда. 228 мониторингтік топтың жұмысы жалғасуда. Соңғы аптада 84 тексеру жүргізіліп, мониторинг кезінде 1010 нысан қамтылды. Карантин шараларын бұзудың 30 фактісі анықталып, 25 әкімшілік айыппұл салынды.
«Ashyq» жобасын енгізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жоба қатысушыларына 4813 QR-код берілді, 81 объектіге «Ashyq» жобасының көшбасшылары» мәртебесі берілді. 20 инфекциялық стационар базасында 1 мың инфекциялық төсек орны ашылған. Онда 571 адам ем алуда, 57 пайыз төсек-орын пайдаланылуда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Індеттің өршуіне себепкер өзіміз

Тиісті орындар қанша мәрте ескерткенімен, баспасөзде жазылып, бас қосқан жиында айтылып жатқанымен, әлі де айылымызды жиятын емеспіз. Өңірде мониторингтік топтар жыл басынан бері әрқилы меншіктегі 29489 нысанда карантиндік шаралар қаншалықты атқарылып жатқандығын тексерген. Тексеру барысында 635 мәрте карантин шаралары бұзылғандығы анықталған.

Жаман тұмаудың тұла бойыңды түршіктірер алапат хабары ел шетіне жеткен кезде жамағат қатты қауіптеніп, бойын жинап алып еді. Кейін еттері үйреніп кетті. Індет шеңгеліне іліккен, айтып келген апаттан ажал тартқандар туралы ет жүрегіңді мұздататын сұрапыл ақпарат судай сапырылып тұрса да уақыт өте келе зардабын елемеуге айналды. Өз басына ғана емес өзге бейкүнә жұртқа да қауіп төндіретіндігін, нақтырақ айтқанда, дерт жұқтыратын дендеп ескермеудің түбі бүгінгі жайға жеткізіп тұр.
Карантиндік тәртіп бұзушылық ең алдымен облыс орталығында белең алған. Демалыс күндері былай тұрсын, жұмыс күндерінің өзінде есік пен төрдей терезелерін тұмшалап алған мейрамханалар мен дәмханалардың алдында көліктер сыңсып тұр. Той-томалақ та, жалпақ жұртты жинаған қаралы жиын да үзбей өткізіліп жатыр. Осыдан кейін қызыл аймақтың санатынан шыға алуымыз мүмкін бе? Көкшетау қаласында мониторингтік топтар карантин тәртібінің 222 мәрте бұзылғандығын анықтаған. Аудандардың көшін Бурабай, Целиноград, Атбасар, Сандықтау бастап тұр. Степногорск қаласында да тәртіп жиі бұзылады.
Тәртіп бұзғандарға тиісті шара қолданылып жатыр. Мәселен, 672 рет әкімшілік айыппұл салынған. Көлемі 89 миллион 572 мың теңге деңгейінде. 18 іс әкімшілік сотқа жолданылыпты. Әйтсе де, көпшілік орындардан аяғын тартып, бойын аулақ салып сақтану сұйылып барады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін қоғамдық тамақтану орындарында бақандай 113 мәрте көпшіліктің қатысуымен іс-шаралар өткізіліп, жалпыға ортақ тәртіптің табан-асты болғандығы белгілі болып отыр. Соңғы уақытта коттеджін жалға беретіндердің айы оңынан туып тұрғандығын екпін түсіріп айта кетуіміз керек. Мониторингтік топтар орталықтағы мейрамханалар мен дәмханаларды жиі қадағалайтындықтан шағын мерекелік кештер жұрт көзінен қаға берістегі коттедждерге ауған. Бұл арада жасырын түк те жоқ, әлеуметтік желілер мен жарнамалық газеттерде «коттеджді жалға беремін» деген хабарландырудан көз сүрінеді. Мониторингтік топтар «індет кезіндегі той» демекші, елдің амандығынан қарақан басының қамын ойлап, қысылған халықтан қарпып пайда тауып қалуды көксеген коттедждерін жалға берушілерді де анықтап жатыр. Мұндай фактілердің жетеуі кездескен. Бұл көзге түскендері ғана. Анықталмағандары қаншама? Дерттің демігіп тұруының бір себебі осында емес пе екен?
Қазан айында 296 рейд жасалып, 1010 нысанды қамтыған кезде 30 тәртіп бұзушылық анықталған. Ескертуді құлағына ілмеген мейрамханалар мен дәмханалардың иелеріне 3 миллион 622 мың теңге көлеміндегі 25 әкімшілік айыппұл салынған. Осыдан кейін тиылар дейсіз ғой? Жоқ, әлі де өршіп тұр. Соңғы аптада 300 нысанды қамтыған 84 рейд өткізілген кезде тағы да 9 жерде карантиндік шаралардың өрескел бұзылғандығы белгілі болған. Тәртіп бұзғандары үшін 1 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Жоғарыда айтылған жайларды сараптай келе, айыппұлдың да өз пайдасын көксегендерге тосқауыл бола алмайтындығына көзіміз жетіп отыр. Бәлкім, өңірдегі жағдайдың қалай қалыптасып отырғандығын біле тұра тәртіп бұзғандарға тұсамыс салу үшін қолданылатын шараны қатайтқан жөн бе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар