Инвестициялық жобалар – басты назарда

Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте ауданның ағымдағы жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы кеңінен әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Аудан әкімі баяндамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Басты мақсат – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген сөздерімен бастауы өңірлік даму бағытындағы айқындықты білдіреді. Бүгінде осы мақсаттарға жету үшін ауданда тиісті жұмыстар жүргізіліп, іс жүзінде 2021 жылға қойылған барлық негізгі жоспарлар мен тапсырмалар орындалу үстінде.

Жарқайың республикадағы ең ірі астықты өңірлердің бірі. Жанболат Хамитовтың айтуынша, қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 31,5 миллиард теңгені құрады. Ауданның егістік алқабының 95 пайызын дәнді және бұршақ дақылдары құраса, оның ішінде бидай – 579,0 мың гектар. Тыңайған жерлерді ұлғайту, оны ауыл шаруашылығы айналымына тарту есебінен егіс көлемін кезең-кезеңімен 700,0 мың гектарға дейін арттыру жоспарлануда.

Әкім экономикаға жеке инвестицияларды тарту басты міндеттердің бірі болып қала беретінін баса айтты. Жарқайың ауданы инвесторлар үшін тартымды. Сондықтан, өңірде қайта жаңғырту мен құрылысқа арналған инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Дәлірек айтсақ, жыл қорытындысы бойынша ауданның негізгі капиталына 5,7 миллиард теңге көлемінде инвестициялар тартылды. Ағымдағы жылы 8,8 миллиард теңге көлемінде 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Яғни, «Алин Агро» серіктестігінде механикаландырылған қырман салынды, «Осана Агро» серіктестігінде 100 бас қара малға бордақылау алаңы салынып, астық қоймасы жаңғыртудан өткізілді, «Костычево» серіктестігінде 100 қара малға арналған ет фермасы, «Алтын Дән КЗ» серіктестігінде екі тұрмыстық ғимарат пен екі ангар түріндегі қойма салынды. Ал, Тасты-Талды ауылындағы желілік элеватордың құрылысы, «Агропрод Жарқайың» серіктестігіндегі ХПП құрылысы, «Темірлан» серіктестігіндегі 200 қара малға арналған сүт фермасы құрылыстары 2022 жылы аяқталатын болады деп күтілуде.

Тұрғын үй құрылысына 461,3 миллион теңге инвестиция тартылды. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Молодежный» шағын ауданындағы 60 пәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткен болатын. Бұл тұрғын үй жетім балаларға, халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдеріне және мемлекеттік қызметкерлерге берілді.

«Nūr Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру бойынша 2022 жылы «Молодежный» шағын ауданында 6 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 80 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілмек. Ағымдағы жылы аталмыш шағын аудандағы алғашқы 80 пәтерлі тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстары басталып, мердігер мекемемен келісім-шарт жасалды.

– Өңір экономикасының дамуы бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуды көздейді, – деп атап өтті Жанболат Хамитов. – Өткен кезеңде 525 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 443-і ауылдық жерлерде. 305 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды, бұл өтініш бергендер санының 83 пайызын құрады.

Жыл сайын білім саласын дамытуға аудан бюджетінің жалпы көлемінің 56 пайызы бөлінеді. Биыл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1337,0 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Өткен жылы Құмсуат және Үшқарасу ауылдарындағы мектептерге екі блок-модульдік қазандық сатып алынып, жиһаздары жаңартылып, мектеп шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халықты сапалы ауыз сумен, жылумен қамтамасыз ету орайында айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Әлеуметтік салада да «30 игі іс» акциясы, «Көмек керуені» жобасы аясында көрсетілген көмектің жалпы сомасы 12,3 миллион теңгені құрады.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өңірдің одан әрі дамуы туралы сұрақтарына да жауап берген Жанболат Хамитов Жарқайың өңірінің болашағы зор екенін атап өтті. Шетелдік және отандық инвестицияларды тарту, тұрғын үйлерді, ауылдық мәдениет үйлерін реконструкциялау, егістік алқаптарын ұлғайту, тағы басқа да жұмыстар болашақта да жалғасын табады.

Салтанат ҚАЛҚАМАНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар