Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжановтың қатысуымен «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары» тақырыбында брифинг болып өтті.
2021 жылдың бірінші тоқсанында ауыл, орман, балық шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 22,1 миллиард, яғни, 105,5 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын жандана түсіп, өркендеуде. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, ауданда төрт түлік малдың саны өскен. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы бойынша Тайбай ауылы мен Новомарковка ауылында 2 тауарлы-сүт фермасын құру, 300 басқа арналған асыл тұқымды мал сатып алып, ет өндіру бойынша 6 мал фермасын құру және «Астық орда» серіктестігінде 1000 басқа арналған бордақылау алаңы мен «СелетаАгроИнвест» серіктестігінде ет фермасының құрылысын ұйымдастыру ісі қолға алынды. Салада бұдан басқа да қол жеткен игі көрсеткіштер бар.
Аудандағы егістік алқаптары жылдан жылға кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1720-ны құрап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға көбейген.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бо-йынша 45 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы 45 пәтерлі жалға берілетін екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Жалпы 90 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, ауданда барлығы 739 тұрғын пәтер кезегінде тұр.
Пайдалануға берілетін нысандардың бірі – 2 бассейні, жаттығу залы және ойын бөлмелері бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Оның құрылысы мердігер компаниялардың өз жұмыстарына салғырттықпен қарағандықтарынан үшінші жылға кешіге түсуде.
2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Олжабай батыр атындағы ауылда және Тайбай ауылдық округінің Тайбай және Елтай ауылдарында көше жарығын тарту жұмыстары қолға алынбақшы. 2021-2022 жылғы жылыту маусымына қарай үздіксіз жылумен жабдықтау мақсатында №2 КВТС-10 қазандығына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Аудан басшысы Ерейментау ауданында әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, тарқатып айтып берді. Алайда, баяндаманың өн бойында аудандағы алға ілгерілеген оң істер туралы ғана айтылды. Кемшіліктер әдеттегідей ашып айтылмады. Бейнебайланыс арқылы жолдап отырған аудан орталығының тұрғындарының сұрақтары мен әлеуметтік желілерде аудан халқының аудандық әкімшілікке қоятын сауалдарына сүйенсек, аудан халқының айтар базынасы көп. Мәселен, олар ауданда сапалы ауыз су мәселесінің әлі де оң шешімін таппағандығын, жол мәселесін, аудандағы спорттық-сауықтыру орталығының, мәдениет үйінің құрылысы жөніндегі сұрақтарды алға тартты. Журналистер де көкейде жүрген көп мәселелерді ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.