Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кез-келген бағдарлама орындалуымен құнды - АРҚА АЖАРЫ

Кез-келген бағдарлама орындалуымен құнды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Іргебаев Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындау жөніндегі ақпаратты ортаға салды.

Президент өз Жолдауында елдің аграрлық секторын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін саралап қана қоймай, алдымен, нақты міндеттерді алға қойды. Оның ішіне ауыл шаруашылығындағы өндірісті әртараптандыру, «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заңды қабылдау арқылы шаруашылықтардың мәртебесін және оларды қолдау жолдарын айқындау, ветеринария саласын реформалау мен мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру кіреді. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешеннің басты міндеті елді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету болып табылады.

–Ағымдағы жылдың күрделі табиғи-климаттық жағдайына қарамастан, 4,5 миллион гектар алаңнан 4 миллион тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өнімі алынды. Майлы дақылдарды жинау 265 мың гектар алаңда аяқталды. Облыста мал шаруашылығы саласы да жоспарлы дамытылуда. 9 ай ішінде 192,6 миллиард теңгенің мал шаруашылығы өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының саны 1,3 пайыздан 21 пайызға дейін өсті. Етті мал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы қуаттылығы 36,5 мың бас 8 ірі бордақылау алаңдарының желісі құрылып, жұмыс істеуде. Жаңа ет фермаларын құру бойынша жұмыс жалғасуда. Жыл басынан бері 4,4 мың бас етті бағыттағы ірі қара мал сатып алудың нәтижесінде 85 ферма құрылды,–деді Мұрат Іргебаев.

Мемлекет басшысы Жолдауда халықты тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен болатын. Биылғы жылы Ақмола облысына құрғақшылық өз ықпалын тигізбей қоймады. Ең көп зардап шеккен өңірлер Атбасар, Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандары болып табылады. Осы жағдайға қарамастан, жемшөпке қажеттілікті толық қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс атқарылды. Сонымен қатар, қажетті ұйымдастыру іс-шаралары уақтылы жүргізілуде. Әр ауданда жедел штабтар құрылып, қосымша 43 мың гектар орман қорында шөп дайындалды. Ауыл шаруашылығы өндірушілерімен жасалған меморандумдар шеңберінде 26 мың гектар алаңда азық дайындау үшін қолжетімділік қамтамасыз етілді. Тамыз-қыркүйек айларында 10 мың тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Осылайша қыста қыстатылған әрбір шартты бас үшін орташа есеппен 24 центнер азық-түлік бірлігі қамтамасыз етілді.

Бұл жоспарланған өнім мен мал төлін, сондай-ақ, қорадағы малдың қауіпсіздігін есепке ала отырып, жемшөп мәселесін жеткілікті шешуге мүмкіндік берді. Облыста төрт түлікті азықпен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұр.
Жалпы, барлық жоспарланған іс-шараларды іске асыру өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойылған нақты міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар