Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл өнертапқышының ғылымға ұмтылысы қуантады - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл өнертапқышының ғылымға ұмтылысы қуантады

Ағайдар аға редакцияға өзі ойлап тапқан тың жобалардың сызбаларын да бірге ала келіпті. Арасындағы бір өнертабысына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің инновациялық патенті де берілген екен.

«Өмірдің көбі өтіп, азы қалды…» демекші, айналайын, осы еңбегімді ел игілігіне жаратса ұтарымыз көп. Ойлап тапқан тың дүниемді, шетелдік компанияларға да сатып жіберсем болар еді. Еңбегімді еліме арнағым келеді» дейді ол.
Ағайдар ағаның өзіне де бірден айттық, біз ғылым қаузаған ғалым емеспіз. Сондықтан, ағаның ойлап тапқан өнертабысына еш баға бере алмайтынымыз анық. Біздегі мақсат оқырман мен билік басындағылар арасында дәнекерші болу ғана. Ауыл өнертапқышының ғылымға ұмтылысы ойландырарлықтай. Бір ғажабы – ол кісі арнайы білімі болмаса да, әлемде теңдесі жоқ құрылғы жасауға талпыныс танытып отыр. Бір қарағанда ойға сыймайтындай әрекет. Алайда, қолдағы патент, ғалымдардың пікірлері көз тоқтатып, ой таразысына салуға боларлықтай екендігін айшықтайды. Сонымен, қарапайым ауыл қазағының ойлап тапқан дүниесі қандай? Алдымен ағаның өзі айтып берген әңгімесіне құлақ түрсек.
–Есімім Ағайдар Дайыров, қазіргі таңда Көкшетау қаласында тұрамын. Бірақ, бар саналы ғұмырым ауылда өтті. Ауылдық жерде тұрсам да, ғылым саласына қызығушылығым ерекше болды. Бірнеше жобаны қолға алдым. Соның бірі – қазіргі әлемдегі жұмыс істеп тұрған гидроэлектростанциялардың қуатын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беретін тың жоба. Менің бұл еңбегім әлемдік тәжірибеде қолданыста жоқ. Гидроэлектростанцияның мүлде жаңа түрі десе де болады. Мақсат еткен нәтижеге қол жеткізу үшін жұмсалатын қаржы көлемі де салыстырмалы түрде көп емес. Бұл жобаны Елордағы патенттік бюроға 2014 жылы өткізген болатынмын. Нәтижесінде менің бұл жұмысым патенттік бюроның сараптамасынан өтіп, ғылыми болашағы бар деп табылып, өнертабысыма патент берілді. Мені өкіндіріп, ойлантатыны, елімізде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде әлем жұртшылығын елең еткізер Қазақстан өнертапқыштары тарапынан бірде-бір жұмыс болған жоқ, – дейді аға қапаланып.
Бұл көрмеге ол да қатысуға ниет білдірген екен. Алайда, көрме ашылар тұста, қатыстырылмай шеттетілсе керек.
«Мен мұны ойлап жасамас бұрын Литвадағы «Каунас» ГЭС-ның жобасын негізге алдым. Өйткені, Кеңес Одағы кезінде бұл сол республикадағы ең жетілдірілген ГЭС еді. Нақты ғылыми есептер бойынша мен ұсынып отырған ГЭС-тің жаңа түрі сол көлемдегі жұмсалатын сумен тоқ көзін кемінде 6 есе артық өндіретін болады және бұл нақты физика заңдылықтарымен дәлелденіп отыр. Бүгінгі күні еліміздегі ГЭС-тер қажетті тоқ қуатының 27-28 пайызын ғана өндірсе, қалған ток көзін көмірмен жанатын ТЭЦ-терден алады. Еліміз мен ұсынып отырған жаңалықты қолданысқа енгізсе, ауаны ластап жатқан ТЭЦ-тердің қажеті болмас еді. Жапон елінің қолынан іс келетін азаматтары тек қана туған елінің мүддесі үшін жұмыс істеуге тырысады екен. Мен де ойлап тапқан өнертабысымның игілігін қазақ елі көрсе екен деймін,– дейді ағай.
Ағайдар Дайыров бұл ойымен облыс әкімімен бөліспек ниетте, бірнеше рет оның қабылдауына жазылған екен. Бірақ, өкінішке орай, қабылдауға жазылғанымен әкіммен кездесудің орайы түспеді дейді ол. Ағайдар аға қарапайым отбасында дүниеге келген. Он баланың тұңғышы екен. Сол себепті де әжесі мен атасы бауырына басып тәрбиелеп өсірсе керек. «Әжем еркелетіп өсірді. Бетімнен қақпай, алақанына салып, өбектеп, мейірімге бөлеп тәрбиеледі. Көп балалы отбасында барлық баланың бірдей білім алуына мүмкіндік туа бермейді ғой. Содан болар мен орта мектепті тәмамдаған соң, ауылдың еңбек майданына ерте араластым. Әртүрлі жұмыста қажырлы еңбек еттім. Бірбеткей мінезімнен бе, әлде еркін өскен еркелігімнен бе, көбіне кеңшардың директорымен жиі сөзге келіп қалатынмын. Сөйтіп жүріп, жеке кәсіп ашуға бел будым. Ондағы ойым кеңшар директорына тәуелді болмай, өз алдыма кәсіп ашып алсам деген мақсат. Ауылда пима басатын бір орыстың шалы тұратын. Атамның қолы епсекті еді. Сол кісінің пима басып, аяқ киім жөндейтінін көріп өскен едім. Сол кәсіпті жалғастырмақ болдым да орыс шалынан пима басатын құрылғыны сатып алуға бел будым. Орыс шалы менің бұл ойыма сенімсіздікпен қарап, «Қазақтың кәсіппен айналысқанын көрген жоқпын» деп миығынан күлгені бар. Қояр да қоймай пима басатын қондырғыны сатып алып, шағын шеберхана аштым. Қиындық тудырғаны әлгі құрылғыны күн сайын тазалау керек екен, себебі, әсіресе, күзгі қойдың жүні майлы болады, соны түткен кезде машинка шайырдың кесірінен тез майланып, кір болып қалады, оны тазаламасаң ісің алға баспайды. Осы бір іс жұмысымды алға ілгерілетпей қолбайлау болды. Содан ойлап-ойлап, әлгі құрылғыны күн сайын емес бес күнде бір рет тазалайтындай етіп, қайта жасап алдым. Оған қолда бар металдарды қолданып, өзгешелеу етіп жасадым. Содан көзім ашылды, жұмысым да алға ілгерілей түсті. Міне, осы сәттен бастап, менің түрлі өнертабыстарды жасап шығаруға деген қызығушылығым арта түсті. Көптеген шетелдік ғалымдардың кітаптарын оқыдым. Арнайы оқу орнын тәмамдамасам да өз білімімді осылайша жетілдіріп отырдым», – дейді ағай.
Ағайдар Дайыров өз сөзінде осы бір ғылыми жаңалығымен Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университет ғалымдарымен де бөлісіп, тың жаңалығы арнайы комиссия отырысында да талқыланғанын айтып өтті. Ғылыми-техникалық отырыс барысында университеттің ғалымдары оң баға берген. Біздің қолымызда Ш.Уәлиханов атындағы университеттің РhD докторы Н.Шүйішбаеваның Ағайдар Дайыровтың №30828 өнертабысына, яғни, «Гидроэлектростанцияның шөмішті түрі» атты еңбегіне берген рецензиясының көшірмесі бар. Онда былай делінген:
«Адамзаттың энергетикалық қажеттіліктері үнемі өсіп келеді. Планетада электр энергиясын өндіру және тұтыну әр 10-15 жыл сайын орта есеппен екі есе артады. Бүгінгі таңда көптеген елдер, соның ішінде біздің елде де негізгі. Энергетика – бұл қоры шектеулі және қалпына келтірілмейтін, биосфераның ластануын тудыратын қазбалы отынның көп мөлшерін тұтынатын жылу электр станциялары, оның жану өнімдері. Сондықтан, бүкіл әлемде жаңартылатын энергия көздерін – күн, жел, мұхиттардың толқындары мен толқындарының, кіші өзендердің және басқалардың энергиясын пайдаланатын Энергетикалық қондырғыларды құру мүмкіндігіне қызығушылық артып келеді. Өнертапқыш А. С. Дайыров ұсынған теориялық және практикалық ұсыныстар физика заңдарының талаптарына жауап береді». Біз профессордың өзімен тілдесіп, хабарласқан да болатынбыз. Нұргүл Найзабекқызының айтуынша бұл өнертабыс назар аударуға тұрарлықтай. Рас, кез-келген осындай жұмыс сияқты, бұл жобаның да кейбір жіті үңіліп, әлі де болса дәлдей түсетін тұстары жоқ емес, бар көрінеді. Ол енді техникалық жағы.
Бар ғұмыры ауылда өтсе де, елінің болашағына қандай да бір үлес қоссам деген ниетпен, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенген, ғылыми жаңалық ашуға талпыныс танытқан ағаның білмекке ұмтылысы құптарлықтай. Осы орайда, біздегі, иә болмаса республика төңірегіндегі техника ғылымдарын қаузаған ғалымдар Ағайдар ағаның осы бір ниетін құп алып, зерттеп, зерделеп, анық-танығын таразылап, назар аударып, ойлы еңбекке өз бағаларын берер деген үміттеміз. Осы өнертабысынан да бұл кісінің тегін адам емес екені, өнерге қырының молдығы айқын көрініп тұр. Осы өнертабысынан да бұл кісінің тегін адам емес екені, өнерге қырының молдығы айқын көрініп тұр. Қалай дегенмен де, зейін аударып, зер салу қажет-ақ! Өнертабыс иесі жылдар бойы еңбектеніп жасаған дүниесі ескерусіз қалмайды деп үміттенеді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар