Самал үнді сал жігіт

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетаудың шынайы өнерді бағалай білетін тыңдарман қауымы көз алдарында жүрген, тұла бойына табиғат сыйлаған тамаша талантымен тәнті етіп келе жатқан өнерпаздарды жақсы біледі. Шоқ жұлдыздай екшелген, ән әлемінің аспанын табиғи талантымен нұрландырып, рухани кеңістікті келісті өнерімен арайландырып келе жатқан әншінің бірі – Мереке Бекмағанбетов.

Сахнада қаршығадай қағылез әнші әдемі, ақсары өңі алаулап ән салып тұр. Ән төресі – «Ақбақай».
Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген,
Қыз қайда құдашадай көзі күлген.
Алыстан ат арытып келгенімде,
Шақыртпай еш адамға өзі келген, –
нешеме ғасыр бойы Алаш жұртының мол мұрасының санатында уақыт өткен сайын түрленген, тыңдаған жанның ет жүрегін баураған, сипаттауға тіл жетпейтін сырға толы ғажайып ән салтанатты сахнадан шарықтап шығып, ақша бұлттармен астасып, Бурабайдың биігіне көтеріліп, жүгірген аңның тұяғын, ұшқан құстың қанатын талдырған Алаш даласын жібектей желпіп тарап бара жатқандай. Аһ ұрған ғашықтық! Шымырлап, ширыққан сезім! Зерек көкіректі қоламтаның шоғындай қыздырған, алаулап жанған көңіл пернесі «Адамда сөз болмайды айтылмайтын» деп үздігеді. Ән сүйген қауымға айрықша талантымен танылған самал үнді сал жігіттің орындау мәнері де, құлақтан кіріп бойды алатын таза, ақ күмістей сыңғырлаған дауысы да, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті де сүйсінерлік. Қашан көрсең де бір қалыптан танбайтын, ішкі мәдениеті, кісілік келбеті, адамгершілік ажары сөйлеген сөз ләмінен-ақ аңғарылып тұратын Мерекенің бойындағы мінсіз парасатты көрген сайын тәнті болатының бар. Осы бір таңғы шықтай мөлдіреген арлы адалдығы әуел баста өзі таңдаған, тағдыр соқпағы сол биікке ұмсындырған өнеріне де қатысты. Өтпелі кезеңнің өкпек желі алға ұмтылған кеудесін кері итеріп өкпелетсе де, көңілі құлай сүйген өнер өлкесін ештеңеге айырбастаған емес.
Жаңылмасақ, 1991 жыл. Көкшедегі ұлттық өнер мен мәдениеттің үлкен жанашырларының бірі, «Көкше» білім ордасының директоры Жанат Қасымов Қызылжардан сайдың тасындай, өнері бірінен-бірі асқан жеті жігітті әкеліп, «Көкше» фольклорлық-этнографиялық ансамблін ұйымдастырып жатыр деген жақсы жаңалық дүр ете түскен. Бұл кез елең-алаң шақ еді. Тәуелсіздіктің тұңғыш тартуларының бірі. Кеңестік кезеңнің ұлттық өнер мен мәдениетті құрсаулаған темір торы ыдырап, қанында бар болғанымен қалғып кеткен қасиет қайта гүлдеген. Жанат ағаның тартуы. Бүгінде ел есінен шығып бара жатқан осы бір оқиғаны сыналай айту арқылы жаны жайсаң Жанат Жақыпсейітұлының ерлікке пара-пар еңбегін тағы бір еске сала кетсек, артықтығы болмас. Іле Ерназар Ыбырай, Жабай Қалиев тәрізді сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың табиғи талантына жалпақ жұрт тәнті бола бастады. Ал, Мереке Бекмағанбетов өз репертуарындағы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндерімен көкшеліктердің құлақ құрышын қандырды. Сөз арасында айтыскер ақын, ағасы Бүркіт Бекмағанбетовтың де тамаша әндерін тамылжыта орындайтындығының талай куәсі болдық. Жергілікті Маман Ементаев, Тыныштық Шаменов, Иран Ильяшев тәрізді сазгерлердің әні де Мерекенің орындауында биік-биік сахнадан шырқала бастады. Шын таланттың шығар шыңы – халықтың ықыласы. Ұлы Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасын», Біржанның «Көкегін», Ақан серінің «Сырымбетін» орындаған кезде әнге ұйып, алпыс екі тамыры қорғасындай балқыған қалың қауым тума таланттың өнеріне тілекші болып отыратын. Әрине, ән биігіне ұмтылған кез-келген әншінің өз мәнері, өзіне лайық нақыш өрнегі болары сөзсіз. Мереке әншінің орындаған әр әнінің құлақтан кіріп бойды аларлық әсем болуы, айрықша әсер қалдыруы табиғат сыйы.
–Біздің кіндік қанымыз тамған Өрнек ауылы шебер суретші таңбалаған ғажайып, көркем туынды тәрізді. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың іргесінде сылаң қағып, майда толқындары еркелей елітіп Есіл өзені ағып жатыр. Қол созым жерде. Ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғайдың мың сан жапырағы Арқаның самал желімен сыбдырлай сыбырлап ән салып тұрғандай болады , – дейді Мереке Мәжитұлы, –әсіресе, таң арайлап атып келе жатқанда тоғайдағы он сан құстың қосыла шырқаған, құйқылжыған әнін естісең, бар алап дала күйін шертіп, дала әнін айтып тұрғандай болады. Көкірегімнен кетпейтін бір көрініс осы. Есіме түскен сайын жүрегім уылжып кетеді. Біз өнерлі отбасында өстік. Әкем Мәжит те, анам Әзікен де әнші адамдар болды. Әкемнің әдемі баритон дауысымен орындаған әндері бала көңілді баурап, сиқырлы әлемнің сырын ұқтыруға шақыратын. Өмір бойы ауылдағы мектепте мұғалім болып еңбек еткен әке-шешем бізді ең алдымен адамгершілікке, білімге, өнерге тәрбиеледі. Сол кезде айтысқа қатысып жүрген Бүркіт ағамның да бағыт бергені бар. Айтыс демекші, анам Әзікен айтысқа қатысқан адам. Жалпы, кіп-кішкентай Өрнек ауылында ұлттық өнердің шамшырағы болған тұлғалар аз емес.
Өнердің оты лаулап жанып жатқан шаңыраққа сәті түскенде, жадыраған жаз айларында қазақтың белгілі қаламгерлері Сафуан Шәймерденов, Тахауи Ахтанов тәрізді тұлғалар ат басын тірейді екен. Алыстан келген мейманға ауылдағы игі жақсы қосылады. Ажарлы әңгіме сабақталып, ән сабасы күмпілдейді. Сол бір шақ қазір сарытап сағыныш.
Ауылдағы мектеп бастауыш қана болған соң сыртта оқыған. Әскери борышын өтеп келген соң ағасы Бүркіттің ықпалымен облыс орталығындағы педагогикалық институттың музыка факультетіне оқуға түскен. Білікті маман Владимир Мартыненко Мерекенің дауысын тыңдап көріп, көңілі құлаған екен. Тек бір әттеген-айы, бұл факультетті бітіргендер мектеп мұғалімі болып шықпақ. Ал, жас талаптың көңілі әнші болу. Осы балаң арман жетектеп Алматы қаласына келген. Оның алдында облыста талантты балаларды тыңдау, іріктеу өткізілген екен.
–Сол кезде ел ішінен талант іздейтін әдемі дәстүр болды, – дейді Мереке әнші, – бойында жаратқан ие сыйлаған қабілеті бар жастар тасада қалып қоймайтын. Білікті мамандар балалардың мүмкіндігін таразы басына тартқаннан кейін әркімнің қабілетіне орай жол сілтеп, жолдама беріп жатушы еді.
Жас жүрегі ән деп соққан Мерекенің қалауы – консерватория. Жоғары оқу орнына табан іліктіру барысындағы құжат дайындау машақаты таратып айтқан адамға бір дастан. Жалғыз-ақ топ ішінен шынайы талантты тани білетін әйгілі өнер жанашыры Бекен Жылысбаевтың өмірінде көріп білмеген Мерекеге құты түсуінің өзін табиғи қарым-қабілетін, тұла бойындағы күні ертең буырқанып аққан бұлақтай бұйығып жатқан дарынды тани білгендігі деп айтсақ, артықтығы болмас. Бекен ағасының қамқорлығының арқасында бағы жанды. Екінің бірі, егіздің сыңары табан іліктіре бермес оқу орнына алынды.
Өмір өне бойы сайраған соқпақ емес. Бұлтарысы мен қалтарысы, көңіліңді гүлдететін де, жаныңды жүдететін де тұстары болмақ. Бәрін қосқанда тағдыр деген жалғыз ауыз сөздің аясына сыйып кетуі мүмкін. 1999 жылы жан жары Айгүл ойламаған жерден қайтыс болды. Дәл осы кезде Астанада опералық театр ашылып жатқан болатын. Мерекенің жерлесі әрі досы, есімі бар қазаққа жақсы таныс Ерік Асқаров жаңа театрдың басшылығына тағайындалған. Бірден Мерекемен хабарласып, қолқа салыпты. Сондағы бұйымтайы, жаңа ашылып жатқан театрға өзі ежелден талантын танитын, қабілет-қарымын жоғары бағалайтын Мерекені жұмысқа шақырған. Тіпті, келген бетте жатақханада тұрасың, бір жылдың ішінде пәтер алып беремін деп уәде еткен.
–Осындай жақсы мүмкіндік туып отырғанда бармадыңыз ба? – дедім мен.
–Бауыр басып қалған Көкшетауды қимадым, – деді әнші.
Жан жарынан айырылып, жаны жүдеп, кішкентай екі қызымен қалған әншіге 2000 жылдың мамыр айында сол кездегі қала әкімі Асқар Хасенов жаңа пәтердің кілтін табыс етіпті. Ағаларының алақанының жылуын сезінген әншінің жаны гүлдеген осындай сәт аз емес.
Жылы жүзді жүздесуден соң аттанып бара жатып Мерекенің «Көкшетауды қимадым» деген жалғыз ауыз сөзі жадымда жатталып қалыпты. Тұла бойы ән болып есілген, өнер болып гүлдеген сезімтал жүрек киелі Көкшені, өнерпаздың талантын бағалай білетін халқын қимағаны өзгеше бір өнеге екен. Өнері бойында тұрғанда өріс табары анық еді. Қай жерге барса да құшақ жайып қарсы алуы мүмкін. Төріне де шығады. Бірақ, өзі жырға қосқан, әнімен әлдилеген Көкшетаудың қадірі өз алдына бір бөлек. «Өзің боп нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау, сен жүресің көкейімде» деп ақын Еркеш Ибраһим айтпақшы, ән Меккесі әншінің көкейінде ең қымбаты, ең ардақтысы болып жүрері бар. Өлең ұшып, ән қонған өлке де өнері осы жерде бүр жарған Мереке Мәжитұлын құрметтей білері даусыз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар