Өмірдің бір қызығы бала деген…

Әйел мен ана ұғымы қашанда егіз. Өйткені, шаңырақтың шырайын келтіріп, берекесін еселеп, ұрпақ өрбіту осы нәзік жандылардың иығына жүктелген жауапты міндет. Өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамда іңгәлаған сәбидің үніне зар болып жүрген жас отбасылардың саны көбеймесе, азаймай тұрғаны ащы да болса ақиқат. Бұл жағымсыз жайттың себебі де сан алуан.

Оның ең негізгісі, құрсағына сәби бітсе де, тоғыз ай тоғыз күнге жетпей жүктіліктің сәтсіз аяқталып жататыны. Бұл болашақ анаға да, оның отбасына да ауыр тиетін бір сынақ сияқты. Алайда, қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен жаңалықтар осы мәселенің шешілуіне өзіндік ықпалын тигізіп келе жатқандығы көңіл қуантады.
Мәселен, облыс орталығында сәби сүйгісі келетін ерлі-зайыптылар арасында жүктілікті жоспарлау жөніндегі Көкшетау қалалық емханасы жанында жүктілік кезінде түсік тастаудың алдын алуға арналған кабинет бар. Таяуда біз осы емдеу мекемесіне жолымыз түсіп, кабинеттің акушер-гинекологы Тамирис Маратқызы Бесембековамен әңгімелесіп, осы тұрғыдағы біраз жағдайға қаныққан едік.
–Тамирис Маратқызы, бұл кабинет қашан ашылды? Емдеу орнының басты мақсаты қандай? Мұнда қанша адам жұмыс істейді, қаламызда осындай қанша кабинет бар, жалпы, жұмыс барысы туралы тарқатып айтып берсеңіз?
– Біздің емханада жүктілікті көтере алмау кабинеті бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. 1991 жылдан бастап әр жылдары кабинеттің жұмысын Нина Богатырева мен акушерка Светлана Николаевна, кейін Ольга Родий, ұзақ жылдар бойы Рәзия Ахметова мен акушер Гүлнәр Шәріпова жүргізген болатын. Осы кісілердің арқасында қаншама келіншек ана болу бақытына бөленіп, бақытты отбасылардың қатарына қосылды. Мен бұл учаскеде 2020 жылғы тамыз айынан осында күні бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан акушер Гүлнәр Аманжолқызымен бірге еңбек етіп келемін. Көптеген отбасыларға балалы болу армандарына қол жеткізуге қолұшын беріп, үлесімізді қосып келеміз. Білуімше, қаламызда мұндай кабинет біздің емханада ғана жұмыс істейді. Бұрын әрбір емханада болатын. Біз көптеген әйелдердің ауыр акушерлік анамнезінде кездесетінін, өлі шарана түсік түсіру, мерзімінен бұрын босану, жатырдан тыс жүктілік, бедеулік сияқты мәселелерді ескере отырып, осы учаскені сақтап қалдық. Әсіресе, қазіргі таңда, экологияның нашарлауы, көптеген түрлі аурулардың, паталогиялардың пайда болуы кезінде аталмыш кабинеттің пайдасы зор екеніне әбден көзіміз жетті.
Жүктілікті көтере алмаушылық – ұрықтанудан бастап 37 аптаға дейінгі аралықта жүктіліктің өздігінен үзілуі. Үйреншікті жүктілікті көтере алмаушылық деп жүктіліктің қатарынан екі немесе одан көп үзілуін айтамыз. Жүктіліктің 22 аптаға дейін үзілуін өзіндік түсік, 22 аптадан 37 аптаға дейін үзілуін мерзімінен бұрын босану дейміз.
­­­­­–Жүктілікті соңына дейін көтере алмаудың себептері қандай?
–Тақырып өте күрделі әрі өте өзекті, мен оны қолжетімді және түсінікті етіп түсіндіруге тырысып көрейін. Көбінесе келіншектер бізге қабылдауға көптен күткен жүктілігін жоғалтып алғаннан кейін бір-ақ келеді. Бұл ретте, жүктіліктің қашан және қанша рет тоқтатылатынына назар аудару керек. Тікелей себептерге көшейік, біріншіден егер жүктілік жүктіліктің ерте кезеңдерінде сәтсіздікпен аяқталса, хромосомалық ауытқулардың бар болуы ықтимал, бұл әйел ағзасында бірнәрсе дұрыс емес деген сөз емес, мұндай себеп әртүрлі факторлардың әсерінен мүлдем сау әйелдерде де болуы мүмкін. Мұның себебін анықтау үшін цитогенетикалық талдау (кариотиптеу) жасау керек, бірақ, бұл қан талдауы кез-келген ауруханада жасала бермейді, өйткені, процедура қымбат және жүктіліктің тоқтауының басқа себептері болуы мүмкін. Ең жиі кездесетін тағы бір себептің бірі – жүктіліктің ерте кезеңіндегі инфекциялар. Біз қызамық, герпес, токсоплазмоз, цитомегаловирус, листериоз сияқты инфекциялар бойынша зерттеулер жүргіземіз. Сөйтіп, сол арқылы себептерін анықтаймыз. Жүктілік кезінде немесе оның пайда болуына дейін болашақ ананың ағзасына жыныстық жолмен берілетін гонорея, мерез, хламидиоз және тағы басқа жұқпалы аурулар кедергі келтіруі мүмкін және оның өліміне әкеледі. Әрине, жүктілікке дейін бұл аурулардың бар-жоғын анықтап алған дұрыс. Тұмау, бронхит, пневмония және басқа инфекциялар, сондай-ақ, әйел денесіндегі қабыну процестері де тумаған бала үшін өте қауіпті. Тағы бір алаңдататын мәселе, жыл сайын әйелдер арасында түсік тастау қаупі арта түсуде. Мысалы, 35 жаста ол 12-15 пайыз болса, 40 жаста шамамен 20 пайыз болуы мүмкін. Бірақ, бұл жасы ұлғайған әйел сау бала туа алмайды дегенді білдірмейді.
Жатыр мойынының жеткіліксіздігі эндокриндік жүйенің аурулары (қант диабеті, қалқанша безінің ауруы, гиперпролактинемия, семіздік және тағы басқалары), сондай-ақ эндометриоз, поликистоздық аналық без синдромы, жатыр миомасы ерте және жүктіліктің соңғы айларында түсік түсіруге әкелуі мүмкін. Егер түсік тастау қайталана берсе, ер адамның жасы 45-тен асқан болса, ер адамда варикоцеле, простатит сияқты аурулардың бар болуы мүмкін. Онда ДНҚ фрагментациясын жасау қажет болады. Міне, негізінен осылар соңына дейін бала көтергізбей, түсік тастауға әкеліп соқтыратын себептер болып табылады.
– Мұндайды алдын алу және баланы толық тоғыз ай тоғыз күн көтеріп, аман-есен босану үшін сіздер қандай көмек көрсете аласыздар?
–Мұндай жағдайларды болдырмау үшін жүктілікті алдын ала жоспарлау, ата-ана болуға күні бұрын дайындалу өте маңызды. Жүктіліктің үзілуінің алдын алу, баланы сәтті көтеріп, аман-есен туу үшін акушер-гинеколог, репродуктологтарға жүгінген жөн. Акушерлікте «предгравидарлы» дайындық деген ұғым бар. Бұл ерлі-зайыптыларды толық жүктілікке дайындауға, жүктілікті көтеруге және дені сау баланы дүниеге әкелуге бағытталған диагностикалық, профилактикалық және емдік шаралар кешені. Біз ерлі-зайыптылардың екеуін де тексергеннен кейін емдеу жоспарын ұсынамыз. Ол мыналарды қамтуы мүмкін: ер адамның спермограммасының көрсеткіштерін жақсарту шаралары, қабынуға қарсы терапия, тромбофилиялық факторларды түзету, иммуноглобулинді терапия, жатырдың эндометрия жағдайын қалыпқа келтіру шаралары және тағысын тағылар. Қазіргі таңда біздің учаскеде жүктілік проблемалары бар 30 келіншек есепте тұр. Араларында өлі шарана туып, бірнеше рет түсік түсірген келіншектер бар. Мұның себептері әртүрлі. ЭКО арқылы жүкті болып, қуанышқа кенелген аналар да аз емес.
–Олай болса, сіздің өзіңіздің қадағалауыңызбен қанша келіншек аман-есен босанып, өмірге дені сау сәби әкелді?
–Бізге келіп, тексерістен өтіп, кейін жүкті болған, сөйтіп аман-есен босанған келіншектердің нақты санын айту мүмкін емес. Бірақ, бұл сан сәтсіз нәтижелер санынан әлдеқайда көп деп нақты айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет! Алда да сіз жетекшілік етіп отырған қызметтің сәби сүйгісі келген келіншектерімізге шарапаты тие берсе екен!..
Сұхбатты жүргізген Салтанат БӘКІРОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар