Әлем чемпионы мен жеке бапкеріне – лайықты құрмет

Көкшетаудағы «Болашақ» сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бокстан Сербияның астанасы Белгардта өткен әлем чемпионатының алтын медалін иеленген жерлесіміз Теміртас Жүсіповті осы жеңісімен құттықтап, 5 миллион теңгенің сертификаты мен 2 бөлмелі пәтер кілтін тарту етті. Жеңімпаздың жеке бапкері Қуанышбай Қоқышевқа 2 миллион 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

–Теміртас Жүсіповтің бұл жеңісі еліміз тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойына лайықты тарту болды, – дей келіп, өңір басшысы чемпионның спорттағы бұған дейінгі жетістіктеріне тоқталып өтті.

Теміртас Жүсіпов Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің бес дүркін чемпионы, 2013 жылғы Азия чемпионы, 2015 жылы бүкіләлемдік бокс сериясының чемпионы, әскерилер арасындағы әлемдік доданың жеңімпазы. Атақты спортшы Белградта өткен әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақты. Тәжірибесі мол, шеберлігі талай мойындалған Теміртас отыз үш жасында жасындай жарқылдап, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, әнұранын ойнатты! Қаншама жыл төгілген тер, ерен еңбек осылайша текке кеткен жоқ.

Әрі ол еліміздің құрамасынан бірінші болып шаршы алаңға көтеріліп, жеңісімен өзгелерге жол ашқандай еді. Бірінші жекпе-жектің жөн-жосығын, жауапкершілігін ол жақсы түсінді. Қарсыласын ұтып, өзге әріптестеріне жігер бергені, қанаттандырғаны сөзсіз.

Сондай-ақ, облыс әкімі өңірімізде жалпы спорттың дамуы, спортшыларға жасалған жағдайға кеңінен тоқталып, облыс орталығында ашылған «Бурабай» спорт сарайы, «Теннис орталығы», «Жеңіл атлетика манежі», бұрыннан бар «Қажымұқан» спорт кешені сияқты күрделі нысандар, қала аулаларында ашылған көптеген спорт алаңдарынан әлі талай чемпиондар шығарарына сенім артты. Целиноград, Ерейментау, Теміртас туып-өскен Жарқайың аудандарында, Щучинск қаласында спорт кешендері салынуда. Облыс бойынша алпысқа тарта жаттықтырушы жас-тарды бокс өнеріне шыңдауда.

–Облысымызда жас ұрпақ үлгі тұтып, ізін қуар, жолын жалғар даңқты спортшылар көп. Қазір Руслан Мусинов, Мереке Жүсіпов сияқты атақты боксшылар осы залда отыр. Мынадай жарқын жеңісінен кейін Теміржанға еліктеп, талай баланың былғары қолғап киері кәміл. Енді Теміртасты Парижде өтетін жарыстың жеңімпазы ретінде көретін болайық! – деген тілекпен аяқтады сөзін облыс әкімі.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар