Өнеріне ел сүйсінген Сафуан

Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің кітапханасында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі, бүгінде актерлігімен және режиссерлігімен аты шығып, кино – телевизия саласын қатар алып жүрген талант иесі Сафуан Шәймерденовпен кездесу кеші өтті.

Кеш қонағы колледж студенттеріне актерлік өнердің қыр-сырынан әңгіме өрбітіп, студент жастардың сұрақтарына жауап берді. Кеш сұхбаттасу форматында өтті.
Сафуан Шәймерденов 1974 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Ақтам ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және кино институтын әнші – актер мамандығы бойынша бітіріп, курстастарымен бірге Көкшетауда жаңадан ашылған театрға актер болып келді.

Шеберлігінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахильям Әбдірахманқызы Машурованың ұстаханасынан тәлім алған, ән сабағынан аты аңызға айналған вокалист – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, доцент Амангелді Сембиннен білім алған жас маман жұмысқа құлшына кірісіп, бірден көрерменнің көзіне түсті.

Тұла бойына біткен қабілеті мен ынта-жігері ұштасып, жылдан-жылға актерлік шеберлігі арта берді. Ол өзіндік дара бейнесімен көрермен көңілін баурап, жас театрдың қаз тұруы жолында аянбай тер төкті.

Сахнада Сафуан сомдаған образдар әлі күнге әріптестерінің жадында, көрерменнің аузында. Талантқа қайда болсын тұсау жоқ. Театр сахнасында сомдаған рөлдері «Ақан сері-Ақтоқтыда» Мұрат, «Ең әдемі келіншекте» Абдолла, «Қожанасырда» Қожанасыр (бұл пьесаны автор Сафуанға арнап жазған болатын), «Құдалықта» Тапал, «Король Лирде» Сайқымазақ, «Ғасырдан да ұзақ күнде» Сәбитжан, «Ревизорда» Хлестаков, «Алдар Көседе» Шығай хан болып жалғасып кете береді.

Сафуан Шәймерденов актерлік қызметін абыроймен атқара жүріп, Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясының магистратурасын театр режиссері мамандығы бойынша тәмамдады. Кейінгі жылдары режиссерлік қырымен де көрініп, сәтті қойылымдарымен көзге түсіп жүр. Ол бүгінгі таңда елімізге танымал өнер иелерінің біріне айналып үлгерді. Кино актері ретінде де көрерменге жақсы таныс Сафуан Шаймерденовты Шахмет Құсайынов атындағы театр ұжымы да мақтан тұтады.

Салтанат СМАҚОВА,
Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет
колледжінің кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар