«Ақмола жұлдыздары» тағы жарқырайды

«Ақмола жұлдыздары» облыстық шығармашылық көркемөнерпаздар байқауы жылдағы дәстүр бойынша жалғасын тауып, биыл да ұйымдастырылуда. Облыс аудандары мен қалаларында «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауының кезеңдері басталып кетті.

Шығармашыл талантты өнерпаздар алғашқы мерекесін Зеренді ауданының ұжымдары алғашқылардың бірі болып ашты. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған байқаудың аудандық гала-концертіне 16 елді мекеннің өнер ұжымдары қатысты. Көрермендер өнерпаздардың ұсынған әр түрлі жанрдағы жарқын бағдарламаларын тамашалап, ыстық ықыластарын аямады.

«Балдәурен» вокалдық фольклорлық ансамблі қазақ композиторларының шығармаларынан попурри орындаса, «Жалын» аспаптық ансамблі өзінің «Биле, жастық» атты жаңа туындысымен көрермендерді қуантты. Жаңадан құрылған «Айша бибі» фольклорлық ұжымы алғаш рет сахнаға шығып, «Қоғалы – ай» халық әнін шырқады. Аудандық мәдениет үйінің сахнасында «Арқа әуені» фольклорлық, «Шежіре» халық аспаптар ансамбльдері, «халықтық» атағы бар «Зерен» би ансамблі өнер көрсетті. Аудан өнерпаздары Ақылдас Семетай, Ақниет Серғазина, Жарқын Құрметхан, Еділ Жылқыбай, Аида Әбілқасым және тағы басқаларының өнерлері көрермендерге ерекше әсер етіп, тамсандырды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Зеренді өңірінің көркемөнерпаздарының шығармашылық дәстүрі жақсы сақталып, нақты көрініс тауып жатқан жетекші өңірлердің қатарында екенін атап өтті.

– «Ақмола жұлдыздары» жобасы аймақ көркемөнерпаздарының түрлі жанрда өз өнерлерін, бойларындағы таланттарын көрсетуге, шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Байқау мәдениетті байытудың, қоғамды топтастырудың, ұлттың генетикалық кодын – тілді, руханилықты, салт-дәстүріне және мәдени мұрасын сақтаудың жарқын мысалы болып табылады, – деді Айгүл Сәбитова.

Байқаудың аймақтық кезеңдерін бағалайтын қазылар алқасы Көкшетаудағы қорытынды іс-шараға қатысатын ұжымдарды анықтайды.
«Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларын салтанатты марапаттау рәсімі қараша айының соңында өтеді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар