Ұлтымыздың ұлықты ұстазы

Өз заманының көрнекті тұлғасы Ыбырай Алтынсарин халықтың келешегі үшін екі ірі мәселені алдына мақсат етіп қойды. Біріншісі, мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халықтық ағарту жұмысы, екіншісі, халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істер. Осыған оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырған мұралары айғақ.

Қазақтың сахара даласына оқу мен білімнің нұрын шашып, қазақ мектебінің іргетасын салып кеткен, ұлт ұстазының білімге насихаттаған өлеңдері, табиғаттың сұлулығын танытқан жырлары, тәлім-тәрбиеге толы әңгімелері бүгінгі ұрпақтың таптырмас жауһар дүниелерінің бірі болу керек деп санаймын және ұлағатты ұстаздың даналығы мен даралығынан үйреніп, оны болашаққа насихаттайтын басты тұлға – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары деп білемін.

Себебі, оның шығармалары «жамандық пен жақсылық», «достық пен алауыздық», «сараңдық пен жинақтылық», «тәкәппарлық пен қарапайымдылық», «өнер, білім мен надандық», «әділдік пен әділетсіздік» сияқты қарама-қарсылық негізінде, жамандыққа жақсылықты, адамгершілікті қарсы қою арқылы қазақты өзара бірлікке, татулыққа тәрбиелейді.

Ұлы кемеңгердің өлеңдері мен әңгімелерінің тақырыптарының сан алуандығы, әр әңгімесінің соңында айтылған ой-түйіндері қазіргі жаңартылған білім мазмұнын толықтырады, өйткені қазіргі мұғалімнің мақсаты, креативті ойын дәлелдей білетін, шығарманың тақырыбы мен идеясын саралайтын, өмірмен байланыстыра білетін шығармашыл тұлға тәрбиелеу.

«Қазақ әдебиеті» пәнінде ағартушының өмір жолы мен шығармашылығынан танымдық ақпарат беру – сабақтың мазмұны болғанымен, әр өлеңіне көркемдік лингвистикалық талдау жасау, әр әңгімесін оқыта отырып, шығарманың өн бойындағы идеяны ашуға жетелеу, әңгіменің соңында айтылған ой-түйінді саралап, өз ойын дәлелді жеткізе білуге үйрету – нағыз шығармашылық пен танымдықтың көкжиегі болары сөзсіз.
Мен де басқа оқытушылар секілді балалар әдебиетінің атасы атанған ұлы ұстаздың өлеңдері мен әңгімелеріне бас ие отырып, көбінесе мақал-мәтелдері мен оқу мәселесіне жазған мақалаларын оқып, ой елегімнен өткіземін және сол арқылы ұлы ұстаздың өз шәкірттерімен қандай қарым-қатынаста болғанын, өз заманында қандай ойлар мазалағанының куәсі боламын.

Бірақ, мен үшін бастысы бұл емес, ең бастысы, ұлы ұстаздың алтыннан алтын кені – педагогикалық ойлары. Қазіргі таңда мұғалімдер мен оқытушыларға арналған деңгейлік курстар өтуде. Сол курстарда шетелдік даналардың идеяларын жарыса айтып, біздің тыңдайтын кездеріміз көп. Осы жерде қазақтың дара да дана ұстазы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық ойларын насихаттап, даналығына бойласақ нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Сөзімнің дәлелі ретінде мына ойларына назар аударып көріңізші.

– Оқытушыны бағалағанда, олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістіктерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни, оқушыларына қарап бағалау керек.
– Халық мектептері үшін ең керектісі –оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инс-
пектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды
– Оқушылардан оқығандарын қайталап сұрап отыру қажет», «балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, әрбір нәрсені да ықыласпен, түсінікті етіп түсіндіру керек, мәнерлі сөз қажет, орынсыз терминдерді қолданбау керек.

–Мұғалім балалармен істес болады, егер олар бір нәрсені түсінбесе, мұғалім шәкірттерді кінәламай, олардың көкейіне қондыра алмағаны үшін өзін-өзі кінәлауға тиіс. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлылықпен сөйлесуге тиіс: әрбір затты ықыласымен, шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан қарапайым тілмен түсіндіру керек.

Ұлы ағартушы ұстаз жас мұғалімдерге қатты көңіл бөліп, олардың алдына бірнеше міндеттер де қоя білген. Жоғарыда көрсетілгендері бірен-сараны ғана. Қазағын сүйген, халқының ұлылығына бас иген дала данагөйінің болашақ ұстаздарға айтқан ұлы тілегі мен арманы. Не деген ұлылық, не деген даналық!
Ұлы ұстаздың мерейтойына орай, Щучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледжінде мемлекеттік тілде оқитын студенттер арасында қазақ халқына білімнің нұрын шашып, сауаттылықтың алғашқы іргетасын қалаған ағартушы-педагогтың шығармашылығын, даналық сөздері мен педагогикалық ойларын насихаттау, ұлықтау мақсатында «Ұлтымыздың ұлықты ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл» атты интеллектуалды сайыс өтті. Интеллектуалды сайыс басты мынандай алты кезеңнен тұрды. Олар: «Өзін-өзі таныстыру», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Тапқыр болсаң, тауып көр», «Даналық ойдан дән ізде», «Кім жылдам» және «Көркем сөз оқу» сайыстары.

Сайыстардың талаптары бойынша студенттер Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелерін шабытына келтіріп оқып, әңгімелерінде айтылған ой-түйіндер мен педагогикалық ойларынан сөз жарыстырды. Сонымен қатар, ақын-педагогтың өміріне байланысты сұрақтарға жауап беріп, өз ойларымен бөлісті.
Колледж студенттері Ы.Алтынсаринге арнауларын оқып, шығармаларынан көрініс көрсетіп, ұстаз жайлы ән шырқап, мың бұралған билері сайыстың шырайын келтірді. Интеллектуалды сайыс соңында колледж оқытушылары К.Дәуітов, А.Құсайынова, А.Теміров, А.Сайлауова өз ойларын ортаға салып, сайыс жүлдегерлері мен белсене қатысқан студенттерді арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

Бұл сайыс басқа сайыстарға қарағанда өзгерек, себебі, болашақ ұстаздарға берері мол, рухани құндылықтарға толы, кез-келген студенттің жан дүниесін байытатын рухани азық болды деп ойлаймын.
Сонымен қатар, колледж кітапханасында да ұлы ұстаздың мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылып, кітапхана меңгерушісі Е.Марачевская Елбасының қанатты сөздерін келтіре отырып, ұлы ағартушының шығармалары жайлы ойларымен бөліссе, орыс тілінде оқитын ағылшын бөлімінің студенттері «Ұлы есімдер мен ұлы тұлғалар» тақырыбында сауалнама өткізді. Бірінші курс студенттері «Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл» деген тақырыппен оқыған шығармалары жайлы пост жазып, ұлы ағартушы өлеңдерін мәнерлеп оқу челленджіне қатысты.
Ұлы ұстаздың еңбек жолы мен ұстаздық мәртебесін насихаттап, ұлықтау кез-келген адам баласының міндеті деп ойлаймын, себебі, мұндай ұстаздың жолы – ұлы жол!

Ғалия ТЕМІРОВА,
Щучинск жоғары педагогикалық
колледжінің оқытушысы.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар