Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәңгілік жалғасатын ел сүйіспеншілігі - АРҚА АЖАРЫ

Мәңгілік жалғасатын ел сүйіспеншілігі

Көкшетауда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 15 қараша күні Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 106 жыл толғанына орай, Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы мен Мәлік Ғабдуллин музейінің және Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясының ұйымдастыруымен бірқатар тағылымды іс-шаралар болып өтті.

Алдымен, облыстың мәдениет мекемелері мен қоғамдық бірлестіктерінің, қорғаныс департаментінің басшылары, Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлері, қоғамдық жұртшылық және БАҚ өкілдері Даңқ аллеясында орналасқан Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ер Мәліктің рухына тағзым етті.
Көкшенің зиялы қауымы батыр Мәліктің ескерткіші жанында отты жылдары Отан үшін от кешкен абзал азаматтың ерен ерлігі, кісілік келбеті, адами асыл қасиеттері туралы тебірене еске алды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының біртуар батырының рухына тағзым ету, жарқын бейнесін еске алу, кейінгі жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, тәуелсіз еліміздің тарихын, мәдениетін қадірлей білуге үндеу. Биылғы іс-шаралардың да мән-мақсаты осындай.

Гүл шоғын қою рәсімінен кейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» атты тақырыпта ІV-ші халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Жиынды академияның бастығы, азаматтық қорғау полковнигі, техника ғылымдарының докторы Сырым Шәріпханов құттықтау сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

– Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында 1915 жылы дүниеге келген. Кешегі Көкшетау техникалық институтының ұжымы бүгінде даңқты жерлесіміздің есімін иеленіп отырғандығын абырой санап, мақтан тұтады. Жас ұрпақты Мәлік батырдың тұлғасы арқылы тәрбиелеу жолында Мәлік Ғабдуллин музейімен бірлесе атқарып келе жатқан игі істеріміз өз нәтижесін беруде. Алда да ұлт мүддесі үшін жүйелі түрде жұмыс істей бермекпіз, – деді ол.

Салтанатты іс-шарада Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлы сөз сөйлеп, ер Мәліктің ғибратты ғұмыры туралы тереңінен толғай айтып, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, жиында Қазақстан Респубикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Ю.В.Ильин бейнебайланыс арқылы құттықтап, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында академияға Батыр Мәліктің есімі берілуін тарихи оқиғаға балап, жиналған курсанттарға ер Мәліктің есімін абыроймен алып жүру керектігін баса айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Тағылымы мол танымды іс-шарада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, М.Ғабдулиннің шәкірті Серік Негимов «М.Ғабдуллиннің қаһармандығы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, айтулы айтыскер ақын, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Құдайберлі Мырзабеков ер Мәліктің еңбектері туралы толғамды ойларды ортаға салды.

Ол өз сөзінде Мәлік Ғабдуллиннің Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивінде Қазақстан Жазушылар одағының қолжазба қорында сақталған «Қазақ баласы» атты қолжазбасы кітап болып басылып шыққандығы туралы тарқатып айта келіп, кітаптың бір данасын әдебиетші ғалым, жерлесіміз Серік Негимовке салтанатты түрде табыс етті.

Конференцияда Мәлік ағамыздың майданда да, бейбіт өмірде де аса қатты сыйласқан қарулас командирі, Кеңес Одағының Батыры, қолбасшы Бауыржан Момышұлының немере інісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Әбілдәұлы Момынқұл сөз сөйлеп, қос ардағымыз туралы ой толғады.

–Бауыржан мен Мәлік арасындағы байланыс сонау қырқыншы жылдары басталған. Қос батыр болашақ ұрпақ, ұлттық тәрбие үшін жан аямай қызмет еткен қазақтың біртуар тұлғалары. Мәлік Ғабдуллин Бауыржан ағамды өмірінің соңына дейін сыйлап, ардақтап өткен жан еді. Екеуінің бір-біріне жазған хаттарын оқысаңыз, өзара ыстық ықыластарын, зор құрметтерін қапысыз аңғаруға болады. Бұл күнде қазақтың бағына жаратылған жандардың екеуі де халық мақтанышы,– деді сыйлы мейманымыз.

Конференцияға бейнебаян арқылы өзінің ыстық сәлемі мен жүрекжарды тілегін жеткізген ақын-жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов Батыр Мәлік туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Жиын барысында академияның профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сандуғаш Қасымова да сөз сөйлеп, «Батыр ғалымнан ұлағат – ұрпаққа аманат» деп аталатын жаңа кітаппен таныстырып, оқырман қауымға жинақ жайлы қысқаша мағлұмат берді. Қойын кітапша ретінде жасалған жинақта оқу үрдісінде, жас офицерлерге үлгі-өнеге ретінде пайдалануға және әскери патриоттық тәрбиелеуде қолдану мақсатында ер Мәліктің нақыл сөздері берілген. Конференцияда сөз алған басқа да ғалымдардың ой-толғамдарында сан қырлы талант иесінің еліне сіңірген елеулі еңбегі жан-жақты саралана түсті.

Батырдың ерлігімен бірге әдебиет саласындағы көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері де жан-жақты талданып, өнегесі мен тәлімін өскелең ұрпақ терең ұғынғандай болды.

Бұдан кейін Мәлік Ғабдуллин музейінің көрме залында «Батыр тұлға – Бауыржан» атты жылжымалы көрме болып өтті. Сонымен қатар, Академияның салтанат залында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының өкілдерімен кездесу кеші ұйымдастырылды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар