ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Каспий құбыр консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алқалы жиын аталған консорциумқа қатысушы акционерлердің шартқа қол қоюына 25 жыл толуына орай бейнеконференциябайланыс форматында өтіп жатыр. Каспий құбыр консорциумы Қазақстан батысынан, негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан Қара теңіздегі Ресейдің Новороссийск портына жақын орналасқан терминалдарға мұнай жеткізу үшін салынды. 1 500 шақырым болатын құбырмен мұнай тасымалдау 2001 жылы басталды.
Сол уақыттан бері әлемдік нарыққа Қазақстанның 745 млн тоннадан астам мұнайы жеткізілді. Таяуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XVII Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында мұнай өндіру көлемінің артуына, жаңа кен орындарының игерілуіне, сонымен қатар мұнай өндіру жөніндегі бірлескен жобалардың қолға алуына байланысты Каспий құбыр консорциумының өткізу қабілетін арттырып, оны басқаруда тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды екендігін айтқан болатын.
«Біздің кәсіпорындарымыз бірлесіп, әлемдік деңгейдегі кен орындарын – Теңіз бен Қарашығанақты игеріп жатыр. Каспийдің қазақстандық бөлігінде «Жеңіс» және «Әл-Фараби» теңіз жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 6,5 млрд долларды құрайды. Бұған қоса, Хазар теңізінен ірі «Қаламқас» кен орнынан игеруге кірісеміз. Ресейлік тараптан стратегиялық серіктестік айқындалған. Бұл «Лукойл» компаниясы. Жобаның жалпы құны шамамен 5 млрд долларды құрайды», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дереккөз: www.inform.kz