Ешкі өсір, пайдасы оның көл-көсір

Осы бағытты ұстанған «Зеренді» серіктестігі өсімтал түліктің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп отыр

«Зеренді» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы» серіктестігі «ZEREN» сауда маркасымен ешкінің сүт өнімін өндіреді. Адам денсаулығына өте пайдалы өнім Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау қалаларының дүкендерінде сатылады. Аталмыш серіктестігінің бас директоры Ермек Ұлықбановтың айтуынша, бұл жоба астананың іргесіндегі Талапкер ауылдық округіне қарасты Қажымұқан ауылында 2016 жылы іске қосылған екен. Негізгі мақсат ешкі сүтін өндірумен қатар, өңдеудің толық циклы қамтылған асыл тұқымды ешкі шаруашылығын құру болатын. Сол арқылы импорттық өнімнің үлесін азайту, Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында Елбасы тапсырмасын орындау көзделген. Тартылған инвестицияның тең жартысы серіктестіктің жеке қаржысы. Оған ферма салынып, италиялық сүт зауытының қондырғылары және сүт сауу жабдықтары сатып алынды. Нидерланд Корольдігінен ешкі тасымалданып әкелінді. Бас директор өз сөзінде алдағы жоспарлары жөнінде де айтты.
–Өндіріс жылына 4 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өңдеуге қауқары бар. Ешкі сүтінен адам денсаулығына пайдалы ірімшік, май, йогурт жасаймыз. Асыл тұқымды ешкі шаруашылығы орталығын құрмақшымыз. Оларды Қазақстан нарығында сатумен бірге экспортқа да шығармақшымыз. 100 тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Жоба екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Ешкі сүтін өңдеу үшін 6 мың шаршы метрлік қазіргі заманғы кешен салынды. Онда ешкі мен оның лақтарын ұстауға арналған, жем шығаратын нысандар және сүт зауыты мен сүт сауу орындары бар,–деген Ермек Ұлықбанов барлық ғимараттардың құны 700 мың еуро болатын құрама металдан жасалғанын айтты.
Барлық жабдық сүт өңдеу отаны болып табылатын Италиядан әкелінген. 40 түрлі өнім шығаратын сүт зауыты, сүт сауу залы мен су тазарту жүйесінің жалпы құны 928 мың еуро. Нидерланд Корольдігінен заанен тұқымды 334 ешкі әкелінді. Оларды бағу үшін арнайы аралас жем шығаруға арналған 120 мың еуро тұратын жабдықтар да сатып алынды. Өңделген ешкі сүті өнімдерінің ассортиментіне пастерленген сүт, йогурт, айран, ірімшік, қатты және жұмсақ сыр (риккота, моцарелла және басқа да көптеген түрлер), майлар және диеталық сарысу кіреді. Ешкі сүт өнімдері кез-келген жастағы адам ағзасына жағымды әсер ететін қасиеттері бар екендігі дәлелденген. Демек, отандық өнім әрқашан өз тұтынушыларын табады.
–Бұл Қазақстан Республикасындағы ең ірі ешкі фермасы болып табылады. Мұнда Зааненск, Альпийск и Англо-Нубийск тұқымдас 1200 асыл тұқымды ешкі бағылады. Асыл тұқымды шаруашылықтың мал азығын дайындаудан бастап, өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклы бар. Бұл әр кезеңде өнім сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның құрылымына ешкінің тауарлы-сүт фермасы, өндірістік кешен, тоңазытқыш қондырғылары бар сүт зауыты, зертхана мен ірімшік өндіру камерасы кіреді. Сүт зауыты сағатына 1,5 тонна сүт өңдей алады. Италяндық қондырғы сүт, әртүрлі ірімшік, сыр, қаймақ, май, айран, йогурт тәрізді 40 түрлі өнім шығара алады. Шаруашылықтың 334 гектар алқабы бар. Оның 300 гектарына суаратын қондырғы орнатылған. Бұл үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша бюджет қаржысы есебінен Есіл өзенінен шаруашылық жеріне дейін су құбыры мен электр жүйесі тартылған,–дейді бас директор одан әрі бізбен әңгімесінде.
Асыл тұқымды ешкі өсіру орталығын құруға келетін болсақ, бүгінгі күні Қазақстанда мұндай бірде-бір орталық жоқ. Осы бағытта «Зеренді» серіктестігі еліміздің нарығын асыл тұқымды ешкімен және экологиялық таза өнімдермен қамтуды көздеп отыр. Осы арқылы өте пайдалы ешкі сүтін тұтыну мәдениетін қалыптастыруды мақсат тұтуда. Бұл үшін еуропалық жетекші асыл тұқымды мал шаруашылықтарынан тағы да заанен және альпі тұқымды ешкілер сатып алынады. Жан-жақты мемлекеттік қолдау болса, серіктестік 4-5 жылдың ішінде Ақмола облысының тағы бір ауданында осындай кешен салуға дайын.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.

Суретте: «Зеренді» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы» серіктестігінің бас директоры Ермек Ұлықбанов және ешкі қорасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар