Өнімі ішкі нарыққа және шет елге жөнелтіледі

Ақмола облысында астықты өңдейтін үздік өндіріс орындарының бірі – Жақсы ауданында орналасқан «Урожай» серіктестігі. Ол «Агрофирма TNK» компаниялар тобының құрамына кіреді және астықты қабылдау, сақтау, өңдеумен айналысатын өңіріміздегі озық кәсіпорындарының алдыңғы сапында.

Қазақстан Республикасының ең беделді «Алтын Сапа», «Кемел іскер», «Қазақстанның үздік тауары» марапаттарына ие болған «JAQSY» сауда маркасымен шығарылатын өнім бүкіл Қазақстан бойынша алыс және жақын шетелдерде де сұранысқа ие.
Серіктестік 2014 жылы ТМД елдері арасындағы астық өңдейтін ең қуатты кәсіпорын ретінде танылды. Бүгінде серіктестікте 4 диірмен, 4 элеватор және жем-құрама зауыты жұмыс істейді. Бастапқыда инвесторлар «Агрофирма TNK» серіктестігінің алқаптарында өсірілген 200 мың гектар өнімді өз кәсіпорындарында қайта өңдеу мақсатын көздеген. Астықты бір мезгілде сақтау мүмкіндігі 300 мың тоннаға шақталған болатын. Қазіргі уақытта келіп түскен барлық астық аталмыш серіктестікте өңделеді. Бұл күнде кешеннің барлығы заманауи технологиялармен жабдықталған. Тәулігіне бір мың тонна астық өңдейтін диірмендер бар. «Урожай» серіктестігінің 80 пайыз өнімі шетелге экспортталады. Мұнда тәулігіне 520 тонна ұн өндіріледі. Сапасы мен бағасы жағынан кез-келген бәсекеге төтеп береді.
Кәсіпорында итальяндық «GOLFETTO SANGATI» жабдығынан тұратын 500 мың тонналық диірмен, сондай-ақ, Германияның «Шуле» фирмасының қондырғысы орнатылған. Мұнда тез дайындалатын жарма мен үлпектердің 4 түрі шығарылады. Сонымен қатар, сыйымдылығы 60 мың тоннаны қамтитын тазалау мен кептіру жабдығы бар. Бұл үш жобаны жүзеге асыру үшін 8,5 миллиард теңге жұмсалған.
Серіктестік директоры Ғабиден Бралиннің айтуынша, жұмысшылар тегін баспанамен қамтамасыз етілген. Пәтерлер сырттан арнайы шақырылған мамандарға да беріледі.
– Кәсіпорын қызметкерлері үшін соңғы бірнеше жылда абаттандырылған 2 және 3 қабатты тұрғын үйлер салынды. Жүз адамға лайықталып салынған асхана бар. Мұнда жұмысшылар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Ұжым мүшелерін өзіміз тасымалдаймыз, – дейді ол.
Айта кетуіміз керек, бұрнағы жылы зауыттың кірме жолдарын жөндеу үшін де мол қаражат жұмсалған. Астықтың негізгі бөлігінен ұн тартылады. Мұнда жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн өндіріледі. Орақ науқанында тәулігіне 6000 тонна бидай қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Өндірістік-техникалық зертханада мамандар астық сапасына талдау жүргізеді. Астық сапасы анықталғаннан кейін ол МЕМСТ-қа арамшөпті және механикалық қоспалардың болуына сәйкес келмеген кезде астықты арнайы тазарту құрылғыларында тазалайды. Тазарту процесін арнайы зертхана мамандары бақылайды. Яғни, барлығы да сапаның жоғары болуы үшін жасалып жатқан шаралар. Ілкімді істер кәсіпорын жұмысын алға ілгерілете түсетіні анық.
Компания өнімінің жоғары сапасы – оның артықшылығы болып табылады. Дегенмен, кәсіпорын қол жеткізген жетістіктермен тоқталып қалмақ емес, ол одан әрі дамып, өңірдің, қала берді, біртұтас еліміздің ауыл шаруашылығына қосар үлесін еселей түсуге ниетті.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар