Ауыз суы келіп, көшесіне жарығы тартылған Кеңащы

Тəуелсіздіктің əрбір таңын қуана қарсы алып, əр күнін қажырлы еңбекпен, еңселі ерлікпен өрнектеген Қазақстан жаһан жұртшылығына алуан ұлысты бір шаңырақта ұйытқан мекен ретінде танылды. Бүгін міне ынтымақ, бірлік, татулық салтанат құрған елдің мəртебелі биігінде, мерейлі белесінде тұрмыз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Кеңащы ауылы тұрғындары үшін жақсы жыл болғалы тұр.

Ауылда айтарлықтай істер тындырылғаны бірден байқалады.  Бұған халық куә. Ауылдың дамуы – мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің кепілі екендігі белгілі. Осы ретте ауылдағы билік өкілі – ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, әкімдіктерге қосымша құзырет берілгелі де көп уақыт бола қойған жоқ. «Жақсы туса – ел ырысы» демекші, бұл елді мекендегі орталықтандырылған ауыз су жүйесі әбден тозып, соның салдарынан ауыз су мәселесі ауыл тұрғындары үшін қиындық туғызып отырған болатын. Оны қалпына келтіруге бюджеттен 78 миллион теңге бөлініп, ауылішілік көшелерге су құбыры тартылды. Енді ауыл тұрғындары ауыз суды толықтай үйлеріне тартуға кірісті.

Бүгінгі күні орталықтандырылған су жүйесіне 70-тен астам үй қосылмақшы. Ауыл іші ажарланып, ауыл тұрғындары үшін барынша жағдай жасалуда. Кешқұрым сүрінбей-қабынбай, жарық көшемен жүргісі келген ағайын бұйымтайларын былтыр аудан басшысы Достанбек Берікұлына жеткізген еді. Өтініш жерде қалмады. Қысқа уақыт ішінде барлық көшелерге жарық орнатылып, ауылдың кіре беріс жолында жаңадан жарық тіректері пайда болды. Жақын арада шамдар да іске қосылады.

Жергілікті халық бұл атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза. Өйткені, бұл Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған елді мекендерге жан-жақты көмек жасау, ауылдарды көркейту жұмыстарын жүргізу, жаңадан жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасының жүзеге асып жатқандығының айқын көрінісі.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, қай ауыл, кент немесе қаланың басшысы болсын, өзі тұратын мекеннің айнадай жарқырап ажарлы болғанын, көшелерінің тақтайдай тегіс, самаладай жарық болғанын қалайды.

Ауыл көркейсе, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарады, әлеуметтік деңгейі көтеріледі деген сөз. Елбасының «Біз кез-келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз», –
деген сөзі басшылыққа алынып, алдағы уақытта да ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын нығайту бағытында жоспарлы жұмыстар еселене түспекші.

Қуаныш НҰРҚЫШЕВА.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар