Ауданда халық санағы сәтті өтті

Биыл Қазақстанда жаппай халық санағы өтті. Бұл елдегі халық өмірінің экономикалық, демографиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, әлеуметтік бағдарламалар құру, сондай-ақ, мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдалануға болатын ауқымды деректер алуға мүмкіндік беретін айтулы да ауқымды іс-шара болды. Бұл ретте, ең бастысы әрине, елдегі белгілі бір аймақтағы халық санын нақты білу.

2009 жылғы халық санағының нәтижелері бойынша талдамалық есеп даярланып, республика, қалалық және ауылдық жерлер, аймақтық (өңірлік) бөлік, жынысы мен жасына, неке жағдайы мен ұлттық құрамына, азаматтығы мен дінді ұстануына, білім деңгейі, тіл меңгеру дәрежесі, үй шаруашылықтарының саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары мен басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша қорытынды деректер алынды.

Алғашқы статистикалық деректер құпия түрде сақталады және оны мемлекеттік статистика органдары тек статистикалық ақпаратты алу, жинау мақсатында ғана пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде олардың құпиялығын қамтамасыз етеді.
Аудандық статистика басқармасының басшысы Бибігүл Хамидуллақызы аудан тұрғындарына санаққа қатысқандары үшін ресми аккаунттарында алғыс білдірді.
–Санақ Қорғалжын ауданы бойынша өте қарқынды өтті деп айта аламыз. Себебі, аудан тұрғындары осы санаққа серпінді түрде қатысып, оң бағаларын берді. Аудан бойынша 18 ауылдық округ халық санағынан онлайн түрінде өтті. Тек белгілі себептермен өте алмай қалған 1500 тұрғынға интервьюерлер барды, – дейді Бибігүл Хамидуллақызы.

Біз өз тарапымыздан санақ жүргізілу процесі туралы ауданда жұмыс істеген интервьюерлерді әңгімеге тартқан едік.
38 жастағы көп балалы ана Анар Құлмағанбетова:
–Санақты үй-үйді аралап жүргіздік. Тұрғындардың барлығы бізді жылы шыраймен қабылдап, барлық ақпараттармен қамтамасыз етті. Менің ойымша, санақ арқылы халықтың шын мәніндегі жағдайын білуге болады. Біз де осыған қазір қызығушылық танытып отырмыз. Өйткені, кім-кімге де өз еліндегі халық санын, олардың әлеуметтік жағынан қалай өмір сүріп келе жатқанын білген маңызды ғой – дейді ол.

54 жастағы үй шаруасындағы ана Сайран Садықова:
–Ақпарат беруден бас тартқан отбасылар да болды. Дегенмен, біз өз тарапымыздан барлығын түсіндіріп, дәлелдеген соң адамдар да басқаша көзқарас танытып жатты. Жалпы, менің ойымша санақ өткізу экономикалық тұрғыдан да, демографиялық жағынан да өте маңызды деп білемін. Тек бұл үшін ешбір бұра тартусыз дәл жүргізілуі керек. Солай болды деген үміттемін.

Ботагөз Сембайқызы.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар