Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау қаласының тұрмыстық қалдықтар полигоны салынбақшы - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау қаласының тұрмыстық қалдықтар полигоны салынбақшы

Ақмола облыстық мәслихатының депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Тұрақты комиссияның төрағасы Талғат Жүнісовтің төрағалығымен өткен комиссия отырысына облыстық мәслихаттың депутаттары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Төкішев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Биданов пен басқа да аудандардағы билік өкілдері қатысты. Жиын барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және сақтау, сондай-ақ, қайта өңдеу саласындағы маңызды мәселелер талқыға салынды.

Мәлім болғанындай, биылғы Ғарыштық бақылау жүргізу нәтижесінде өңірде 1300 қоқыс үйіндісі анықталып, олардың 920-сы жойылыпты.
–Осындай кемшіліктерді болдырмау мақсатында комиссия мүшелері өңір бо-йынша қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу, екінші деңгейдегі қалдықтарды қабылдайтын 15 пункт ашу, қатты тұрмыстық қалдықтардың 7 полигонын салу, Аршалы ауданында қалдықтарды өңдеу кешенін тұрғызу сынды жұмыстарға көңіл бөліп келеді, – деген Талғат Жүнісов бұл ұзақ мерзімді жоспарлар 5 жыл ішінде атқарылатынын ескертіп өтті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бүгінде өңір аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың 130 полигоны бар. Алайда, олардың 24-інде ғана рұқсат қағаздары бар екен. Осыған байланысты 6 ауданда, яғни, Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын мен Целиноград аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтарының полигондарын салуға қатысты 7 жоба әзірленіпті.
Десе де, облыстық мәслихат депутаттары «Қалдықтармен жұмыс істеу барысында барлық технологиялық тізбекті сақтай отырып, инженерлік полигондардағы қатты тұрмыстық қалдықтардың инерттік бөлігін орналасқан бастапқы орындарында бөлек жинаудан бастап оларды көмгенге дейінгі өңірлік тәсілді қолдану қажет», – деген ұсыныстарын білдірді. Олардың пайымдауынша, мұндай әдіс әлемдік стандарттарға сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеудің тұрақты, тиімді әрі кешенді жүйесін құруға мүмкіндік бермек.

Облыстың 10 ауданында заңдастырылған бірде-бір полигон жоқ екен. Олардың қатарында, Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Біржан сал, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласы бар.
Өңірде полигондарды заңдастыру бо-йынша оң нәтижесін берген жұмыстар да жоқ емес. Атап айтар болсақ, Жақсы ауданында 8, Атбасар мен Есіл аудандарында 3 полигоннан салынған.

–Бурабай ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтардың полигонын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң нәтиже алынды. Жобалық-сметалық құжаты келесі жылы әзірленеді. Ал, Аршалы ауданындағы полигонды салуға берілген құжаттар бойынша ескертулерді жою үстіндеміз. Ақкөл мен Қорғалжын аудандары бойынша жер телімдері рәсімделіп жатыр. Полигон құжаттарының барлық жобалары экологиялық мемлекеттік сараптамадан келесі жылы өткізілетін болады. Сондай-ақ, Целиноград ауданы бойынша жер телімі әкімдік арқылы берілгенмен оған Нұр-Сұлтан қаласындағы әкімдік өкілдері келісім бермей отыр, – деген облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Төкішев аудан әкімдігі жаңа жер телімін қарастыратынын айтты.

Сондай-ақ, жиын қатысушыларын Көкшетау қаласында полигонның әлі де жоқтығы қатты мазалады. Бұл сауалға жауап қатқан Болат Төкішев былай деп түсінік берді.
–Осыдан бұрын Көкшетау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтардың полигонын салуға жер телімі бөлінген еді. Ол әуежайдың күзетілген аймағынан 15 шақырымдық жерде болатын. Алайда, Азаматтық авиация комитеті өкілдері бұл жобаға келісім берген жоқ. Сондықтан, Зеренді ауданының әкімдігі 60 гектарлық жаңа жер телімін қарастырды, – деді ол. Оның мәлімдеуінше, бүгінде жаңа жер телімі бойынша құжаттарды рәсімдеу жұмыстары атқарылып жатқан көрінеді.

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар