Игілікті істер ұйытқысы

Өңірдегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың, татулық пен бірліктің сақталуына «Ақмола облысының орыстар қауымы» қоғамдық бірлестігінің де қосып келе жатқан үлесі зор. 2013 жылы ресми тіркеуден өткен қоғамдық бірлестікті сол күннен бері Қазақстан халқы Ассамблеясының және Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Александр Артеменко басқарып келеді. Бүгін біз аталмыш бірлестіктің атқарып келе жатқан жұмыстары туралы әңгімелемекшіміз.

Қоғамдық бірлестік іргетасы қаланып, құрылған күннен бастап орыс тілі мен мәдениетін сақтауға және дамытуға бағытталған жұмыстарды белсенді жүргізіп келеді. Қоғамдық ұйымда өзге этномәдени бірлестіктер тәрізді «Русская песня» халықтық ансамблі және жастар қанаты жұмыс істейді. Ұйым мемлекеттік мерекелермен қатар, жыл сайын өздерінің ұлттық мәдени дәстүрлерін үзбей, ата-бабаларынан келе жатқан мейрамдарын атап өтеді.

Мәселен, олар «Рождестволық өрнектер», Қопа көлінде шомылдыру рәсімін, «Масленица!» мерекесін, Славян жазбасы және мәдениеті күнін, «Менің Қазақстаным» вокалды фестивалін өткізіп, Қазақстандағы Отбасы күні аясында мерейлі отбасыларды құттықтайды, «Пушкин балы» мерекелерін ұйымдастырып тұрады. Сондай-ақ, бірлестік Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, Достық үйі мен этномәдени бірлестіктердің іс-шараларына белсенді қатысады. Соңғы жылдары бірлестік достық, майсыз тағамдар фестивальдерін, «NOMAD FOOD» халықаралық гастрономиялық фестивалін және тағы басқа шараларды белсенді ұйымдастырып жүр. Мұның барлығы Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың өзара татулығы мен біртұтастығын, ұлтаралық сыйлықтық пен достықтың көпірі мығым орнатылғанын айқын көрсетіп тұрғандай.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында қоғамдық бірлестіктің базасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жалпы тіл білімі және әдебиеті кафедрасының филиалы ашылды. Қауымдастық бүгінде облыстық орыс драма театрымен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен, Көкшетау қаласындағы техникалық лицеймен, облыстық кикбоксинг федерациясымен, интернационалист жауынгерлер бірлестігімен, Көкшетау қаласының тарих мұражайымен тығыз ынтымақтастық орнатып, аталған мекемелердің сенімді серігіне айналған.

Бірлестік Қазақстандағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының қолдауымен көптеген іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл орайда, ұйым «Ресей және Қазақстан – екі елдің достығы», отбасы күнінде өткізілген «Бақытты шаңырақ астында», «блокадалық альбом» көрмесі секілді шаралар өткізіпті.
Бүгінде еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің басым бөлігі қайырымды істерге аса көңіл бөліп, ел игілігі үшін еңбек етуге ерікті түрде ден қоюда. Осы орайда, ұйым төрағасы Александр Александрович:

– Қайырымдылық жасау – адамгершілік пен ізгіліктің белгісі. Ал, адамгершілік ұғымы ұлтқа бөлінбеуі тиіс. Сондықтан, «Орыстар қауымы» қайырымдылыққа аса көңіл бөле отырып, ұлтына қарамастан, қоғамдағы әлеуметтік жағдайы нашар, осал отбасыларды қолдап, табиғи апаттардан зардап шеккендерге барынша көмек көрсетеді. Елімізде ұйымдастырылатын түрлі қайырымдылық акцияларына да ерікті түрде алғашқылардың бірі болып қатысамыз. Балалардың спортына да барынша демеушілік жасап, салауатты өмір салтын ұстанатын жастарға қашанда қолдау көрсетуге дайынбыз, –дейді.

Елімізде Александр Артеменконың жетекшілігімен және ол басқаратын бірлестіктің қолдауымен қатарынан төрт жыл бойы «Біздің күшіміз – бірлікте!» атты орыс казактарының әндеріне арналған республикалық фестиваль ұйымдастырылып келеді. Бұл шараға Қазақстанның әр түкпірінен көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдары қатысып, бұдан түскен барлық қаражат облыс орталығындағы православтар шіркеуінің құрылысына аударылды. Бұл ретте, орыстар қауымы бірлестік төрағасының еңбекқорлығы мен істің адамы екеніне ризашылықтарын білдіріп, ақ алғыстарын айтып жататынын сан мәрте естідік.

Әлем халқын дүрліктірген COVID-19 пандемиясына байланысты жарияланған шектеулерге қарамастан бірлестік 2021 жылы Жеңіс күніне орай «Журавли» әніне бейнеролик түсірді, Славян жазуы күнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьеваның қатысуымен «Өз ұлтыңның шыққан тегі мен бастау бұлағыңды ұмытпа» атты тақырыптық кездесу өткізіп, жаңа ғибадатхана аумағында ағаш отырғызу акциясын ұйымдастырды.

Биыл орыс тілі күніне орай балалар арасында ұйымдастырылған «Пушкинді оқимыз» облыстық байқауы қашықтықтан өтіп, халық арасында үлкен резонанс тудырды. Оған облысымыздың аудандары мен қалаларынан көптеген балалар мен жасөспірімдер қатысып, бейнежазбалары Instagram әлеуметтік желісінде орналастырылды. Марапаттау рәсімі офлайн өткізіліп, барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды, ал, аталымдар бойынша жеңімпаз деп танылғандар спорттық тауарлар сатып алуға арналған сертификаттарға ие болды.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында орыстар қауымы облыстық «Менің Қазақстаным» вокалдық байқауын және орыс жазушысы Федор Достаевскийдің туғанына 200 жыл толуына орай ғылыми семинар ұйымдастырмақшы.
«Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко екі мәрте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» медальдерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен, бүкіл Ресей Патриархы Кирилл мен Орыс Православие шіркеуінің атынан «князь Владимир» медалімен марапатталған.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар