«Ақиқат пен аңыз» романына арналды

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың атақты «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын талдауға арналған әдеби-танымдық кеш болып өтті.

Кешке Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің қызметкерлері, Бауыржанның немере інісі, жазушы,
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері Бекет Момынқұл, зиялы қауым өкілдері, студенттер, оқырман қауым қатынасты. Шараны кітапхана директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек жүргізді.

«Ақиқат пен аңыз» сонау 1977 жылы жазылып, оқырманның орасан қызығушылығын тудырған кітап еді. Өйткені, Ұлы Отан соғысында көзсіз ерлігімен аты шығып, өшпес ерлік көрсеткен, қысылтаяңда жол табар тапқырлығымен көзге түскен, қара қылды қақ жарған әділдігімен ерекшеленген, керек жерінде қасарған қаталдығы, қарапайым солдатқа әкедей қамқорлығымен, тауып айтар шешендігімен аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы туралы әркім-ақ көбірек білуге құштар еді. Әрине, бұған дейін де ол туралы талай повесть, әңгіме, мақалалар жазылған. Кең танымалы Александр Бектің шығармасы. Өзі де көрген-білгенін сұрыптап қағаз бетіне түсіріп, белгілі жазушы ретінде танылып үлгерген. Дегенмен, Баукеңнің соғыс кезіндегі де, бейбіт өмірдегі де іс-әрекеті, айтты деген сөздері тез таралып, тамсандырып, таң қалдырып жатты. Сол себепті, оқырман Бауыржан туралы жаңа кітапты оқуға аса құштар еді.

«Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты кәрі-жас құмарта оқыған тартымды кітаптың авторы, әйгілі журналист, майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың қаламынан туған бұл туындының тегін дүние еместігін талғампаз оқырман бағамдап та үлгерген. Сол сенім алдамады. Кітап қолдан қолға өтті, жұрт іздеп жүріп тауып алып оқыды.
Кітап несімен құнды еді? Кітапта ұлттық тәрбиені бойына молынан сіңірген, командирлері үйреткен тағылымды табиғатына айналдырған, темірдей тәртіп пен әділдікті ту еткен батырдың адал жолы, найзағайдай жарқ еткен кесімді шешімдері, жанын берсе де аяққа бастырмас намысы әңгімеленеді. От кешіп, қырғынның бел ортасында жүріп келген майдангер жазушы Әзілхан да оның алдында өзін жас шәкірттей көреді. Неге? Батыр Баукеңнің ерлігін, еңбегін, адал ісі мен ниетін қадірлегендіктен. Сөзі мен ісі бір жерден шығатындықтан.

Ешкімге жағымпазданып, жалпаңдап, жалтақтауды білмейтіндігінен. Омыртқасына қадалған оқты жұлдырып алғызып тастап, қайта майданға жүгіргендігінен. 207 рет ұрысқа кіріп, бес рет қоршауды бұзып шыққандығынан! Өз ұлтын ерекше сүйгендігінен! Шіркін, Бауыржанның қай ерлігін айтып тауысарсың?! «Соғыста жүргенде асықтырдың, енді тыныштық кезде асықтырмасаңшы» деген майдангер досына: «Молчать! Мен болашақ ұрпақтың асықпауы үшін асығамын!», әркезде: «Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық», «Жақсы командир жауынгерін зор етеді. Жаман командир офицерін қор етеді», «Қазынасыз керуен қарақшыдан қорықпайды», «Әркім жеткен жеріне дейін барады, жеткен жерінде қалады» деген сияқты небір мағынаға толы қанатты сөз, мақал-мәтел қалдырған орақ тілді Бауыржан емес пе? Міне, Ә.Нұршайықов осындай қазақтың біртуар ұлы, хас батырын халыққа тереңірек таныстырып, оның өмір жолы, атқарған қызметін үлгі етті.

Кеш барысында Бекет Момынқұл өзінің балалық шағында батыр атасын көріп өскендігі, оның мінез-құлқы, қазіргі уақыттағы оның өмір жолындағы кейбір көмескі тұстардың зерттелуі туралы әңгімелеп, қатысушылар қойған сұрақтарға жауап берді.
Сөз алғандар Ә.Нұршайықов шығармасының тәрбиелік маңызы, құндылығы туралы айтты. Облыстық филармонияның әншісі Төлеген Аманов Рамазан Елебаевтың әйгілі «Жас қазақ» әнін нақышына келтіріп орындап берді. Шараға қатысушылар Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов шығармаларынан құралған кітап көрмесін тамашалады.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар