ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында коронавиурсқа қарсы қайта вакциналау шаралары бойынша тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Корорнавирус инфекциясынан қорғанудың маңызды тәсілі вакциналау. Сондықтан оның қарқынын одан әрі ұлғайту керек. Бүгінде бірінші компонентті 8,7 млн адам салдырды. Бұл – 18 жастан асқан тұрғындардың 76 пайызы. Екінші компонентті шамамен сегіз миллион адам алды. Бұл вакцина алуға жататын халықтың 70 пайызына жуық», — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, тұмауға қарсы вакциналау деңгейі қажетті контингенттің 99 пайызынан асқан. «Кеше өңірлердің бәрінде коронавирус бойынша қайта вакцинациялау басталды. Ол үшін вакцина қоры жеткілікті. Вакциналарды сақтау мен тасымалдау режимін сақтау аса маңызды. Әкімдерге аталған мәселелерді жеке бақылауда ұстауды тапсырамын. Ералы Лұқпанұлы (ҚР Үкімет басшысының орынбасары – Ералы Тоқжанов – авт.) жалпы бақылау өзіңізде», — деді Асқар Мамин оған қарата айтқан сөзінде. Сондай-ақ жиында Үкімет басшысы шекара маңындағы өңірлерде эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Еске салсақ, 22 қарашадан бастап Қазақстанда халықты ревакциналау басталды.
Дереккөз: www.inform.kz/