Медициналық мекемелердің құрылысын жүргізу мәселелері талқыланды

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалында өткен ұлт денсаулығы жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасы бойынша ауылдық елді мекендерде медициналық мекемелердің құрылысын жүргізу және оларды пайдалануға беру мәселелері қаралды.

Отырыста «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов бұған дейін осы кеңеске төрағалық еткен Ерлан Аяғановтың өз еркімен кеңес құрамынан шығуына байланысты оның орнына сайланған Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Жаровты таныстырып, ісіне сәттілік тіледі.

Партияның жоғарыда аталған сайлауалды бағдарламасының Жол картасына бүгінде салынған, құрылысы жүріп жатқан медициналық мекемелерді қоспағанда, тағы 10 медициналық мекеме еніпті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықовтың айтуынша, қазірдің өзінде облыс аумағында 3 медициналық ұйымның құрылысы жүргізілуде. Бұл Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылындағы 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Қоянды ауылындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы және Қосшы қаласындағы 100 келушіге арналған емхана.

Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 6 ФАП, нақты айтқанда, Атбасар, Бұланды, Шортанды аудандарында екі фельдшерлік-акушерлік пункттен салу жоспарланып отыр. Ақкөл мен Целиноград ауданында 2 медициналық пункт және соңғысында тағы 2 дәрігерлік амбулатория салу да қарастырылыпты. Ал, Біржан сал ауданында көптен күткен емханасы бар аурухананың құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Жалпы, облыс аумағындағы елді мекендерде амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін 452 денсаулық сақтау ұйымының 231-і алғашқы медициналық көмек көрсетумен айналысады. Ал, соның 53 пайызының, яғни, 123 ұйымның ғимараты әбден тозып, ескірген. Олардың көбі типтік емес және жалға алынған ескі ғимараттар.
Ғалым Бекмағамбетов өз кезегінде Жол картасы аясында салынуы тиіс фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық пункт және дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын облыстың экономика және құрылыс басқармасымен, облыстық және жергілікті әкімдіктермен келісе отырып жүргізу қажеттігін атап өтті. Себебі, өзара келіспеушіліктердің салдарынан нысандардың пайдалануға мерзімінен кеш берілуі немесе келесі жылға қалуы сияқты келеңсіздіктерге әкеліп соғуы мүмкін. Соның алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына келесі жолы 2025 жылға дейін салынатын медициналық мекемелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы нақты ақпарат дайындау тапсырылды.

Отырыс барысында Жол картасы аясында 2023 жылы Ақкөл ауданында амбулаторлық емхана салынып, пайдалануға берілетіні бірнеше мәрте айтылды. Бірақ, нақты қандай ауылда салынатыны белгіленбеген. Дәл сол сияқты олқылық Атбасар ауданының Жол картасында анықталып отыр. Сондықтан, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қазірден бастап, осы олқылықтарды ретке келтіріп, мәліметтерді бюджетті ескере отырып сәйкестендіруді қарастыруды міндеттеді.

Сонымен қатар, аудандармен онлайн байланыс арқылы өткен кеңес отырысында «Вера в добро» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Спиглазова аудандағы медициналық қызметкерлерді науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету мен науқасты оңалту шаралары бойынша оқыту жүргізуді қолға алу қажеттігін алға тартты. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетін болады. Ал, мәселені шешудің нақты жолдары айқындалған ұсыныстар дайындау үшін алдағы уақытта жоспардан тыс Қоғамдық кеңес отырысын өткізу ұйғарылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар