Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сауатты идеология мен дұрыс насихат болса... - АРҚА АЖАРЫ

Сауатты идеология мен дұрыс насихат болса…

Сонау тоқсаныншы жылдардан бергі баспасөз тігінділерін ақтарып отырсаңыз, тіл мәселесі жайлы жазудай-ақ жазылып келе жатқанын байқайсыз. Бірақ нәтиже жоқ. Апырмау, соншама уақытта алаға баспайтын бұл не қылған тіл, оның себебі неде деген ойға қаласыз сосын. Ойға қаласыз да, өзіңізше таразылап көресіз. Сонда байқасаңыз, тіл мәселесінде шу көп те, іс жоқ екен. Яғни, жазамыз, айтамыз, шуласамыз, бірақ, нақты жасалып жатқан іс, қол жетіп жатқан нәтиже жоқ.

Көпке белгілі, Қазақстанның әр аймағындағы қазақ тілінің ахуалы әрқалай. Мысалы, Түркістан мен Қызылорда, Атырау мен Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы тілдің жағдайын Қостанай мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар және Шығыс Қазақстанның бұрынғы Өскеменге қараған аудандарымен салыстыруға болмайды. Туған тілімізге қатысты негізгі түйіткілдер солтүстік және шығыс аймақтарда шоғырланған.

Мысалы, Шымкент пен Қызылордаға, Атырауға бара қалсаңыз, шын мәніндегі қазақ мемлекетіне келгендей боласыз. Ал, солтүстіктегі Степногорск деген қалаға келсеңіз, тура Ресейде жүргендей күй кешесіз. Мен бұны көбінесе, газет-журнал сататын дүңгіршектерден байқаймын. Оңтүстік жақта сатылатын баспасөздің 70-80 пайызы қазақша болса, біздің жақта 99 пайызы орысша. Неге қазақша басылымдар сатылмайды деп сұрасаң, ешкім алмайды дейді. Міне, бұл табандатқан 30 жыл бойы созылып келе жатқан жағдай. Сонда не істеуіміз керек? Тағы да 30 жыл тосамыз ба?..

Көпке белгілі, кез келген мемлекетте ұлттық құндылықтардың мәртебесін арттыру – идеологияға, үгіт-насихатқа байланысты. Ал, бізде бұл жағы кемшіндеу екені жасырын емес. Егер қазақ тіліне қатысты нәтижелі іс-шаралар (тек жылына бір мәрте тіл апталығында конкурс өткізу ғана емес) молынан өткізіліп, мемлекетті тілді білген басқа ұлт өкілдерінің болашағы зор екені насихатталса, бұл тіл үшін үлкен демеу болар еді. Қазір осыны түсінген басқа ұлттың санасы бар жастары өз беттерінше қазақ тілін меңгеріп, журналистика мен өнер саласында еңбек етіп, көпке танылып жүр. Мысалы, орыс ұлтының өкілі Лодочников деген балалар үйінде өскен бозбала өз бетінше домбыра шертіп, ән салуды үйренген. Ана бір жылы Павлодарға Тұңғыш Перзидентіміз Н.Назарбаев келгенде, әлгі бала үлкен кісінің алдында ән салып, бір сәтте жұлдызға айналып шыға келді. Қазір оны әлеуметтік желілер арқылы бүкіл Қазақстан таниды. Осындай оң нәтижелі істерді енді басқа ұлт өкілдеріне барынша насихаттау керек. Сонда санасы бар жас болса, олар да осындай өнерлі замандастарына еліктеп, қазақтың тілі мен өнерін меңгерер еді. Байқасақ, бұның барлығы тек насихатқа, қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыруға байланысты екен.

Менің ойымша, Қазақстанның солтүстігіндегі орыс тілді қауым және оның бүгінгі қазақ тіліне деген көзқарасы жайлы арнайы зерттеу жасап, тіпті ғылыми жұмыс қорғауға да болады. Қараңыздар, қазір елді мекен мен көше атауын өзгертем десеңіз, орыстілді қауым шу етіп қарсылық жасайды. Қарсы болатындардың көбі негізінен жастары 50 мен 80-нің арасындағы, кешегі социалистік қоғамның жақсылығын көрген адамдар. Олардың айтатындары: бұл біздің тарихымыз, біз осы қалада немесе осы көшеде тұрдық, ержеттік, сондықтан тиісуге болмайды. Сонда әлгі көшенің 40-50 жылдық тарихы қазақтың 500 мың жылдық тарихынан маңызды болғаны ма?

Бұндай түсінбеушіліктер болмас үшін, орыстілді қауымның егде жастағы адамдары арасында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе дұрыс болар еді. Мемлекетіміздің бүгінгі ұстап отырған бейбіт-қатар саясатын алға тартып, олардың балалары мен немерелерінің келешегі жайлы айтып, тілді білген адамның болашағы жарқын екенін жеткізсе, олардың да мемлекеттік тілге деген көзқарасы өзгерер еді. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, ретін тауып осындай жұмыстар жүргізілсе, нәтиже берері анық. Бірақ, әзірше бұл шаруа қолға алынбай тұр.

Ал енді егемендік алғаннан кейін дүниеге келіп, Тәуелсіз Қазақстанның мектебінде білім алған басқа ұлттың жастары мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарға шама келгенше құрметпен қарауға тырысады. Олар жаңағыдай ономастикалық даулы мәселелерге араласпайды. Бұл нені көрсетеді? Яғни, бұл жастар тәуелсіз Қазақстанның мектебінде орыс сыныбына барса да, мемлекет құраушы ұлт пен ұлттық құндылықтар және мемлекеттік тіл жайлы айтылған сөздер сәби күндерінен құлақтарына сіңген. Соның нәтижесінде, бұлардың көзқарастары анау жасы үлкендерге қарағанда басқаша. Яғни, бұл да насихат пен тәрбиенің жемісі деген сөз.
Сонымен, тіл тағдырына қатысты бұл секілді әңгімені әлі де соза беруге болар еді. Себебі айтар ой көп. Дегенмен, біздер негізгісі осы-ау деген бірер мәселеге тоқталып, өз ойымызды білдірдік.

Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар