БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ТҰҒЫРЛАР

Күні кеше ғана өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы барша қазақстандық қоғам үшін аса елеулі оқиға болды деп айтуға болады. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылында, партия құрылғаннан бергі жиырма жылда елімізде болып өткен ұлан-ғайыр өзгерістер мен жетістіктерді талдай келе, принциптік маңызы жоғары тұжырымдар жасады. «Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық», – деді Елбасы.

Ол өткен отыз жылда дүниеге 9,5 миллионнан астам қазақстандық сәби келгеніне, олардың бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын екеніне және болашақ жарқын қоғамды дамытатын нақ осы жастар болатынына сенім арта отырып, солар үшін жаңа дәуірде бағыт-бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынатынын жеткізді. Өскелең ұрпаққа аманат ретінде жолданып отырған бұл қағидаттар Нұрекеңнің бұдан бұрын жазылған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының логикалық жалғасы, басқа озық жұрттармен терезесі тең, кемел ел болудың сара жолы деп қабылдадық.

Біз, аға ұрпақ өкілдері, ардагерлер ұйымдары алдағы уақытта осы қағидаттарды жастардың санасына барынша сіңіруді, әр қағидатты өзінің білімімен, бай өмірлік тәжірибесімен өрнектей отырып, жасампаздық факторға айналдыруды борышымыз деп білеміз, осы тұрғыда жұмыс жүргізе бермекпіз. Өйткені мың өліп, мың тірілген бабаларымыздың мәңгілік ел болуды аманаттаған асыл арманына адал болып, жүзеге асыра отырып, бұдан да биік белестерге жету мақсатын келесі ұрпаққа Елбасы түзген қағидаттар аясында табыс ету – біздің парызымыз. Бұл жерде әр қазақстандық үшін ең қастерлі құндылық, әрине, – тәуелсіздік екенін өмірлік тұғырымызға, тіршілігіміздің кредосына айналдыру міндеті тұр. Оған негізделген басқа қағидаттарды берік ұстану да ұлттық болмысымызды кемелдендірудің сенімді тетіктері деп түсінеміз. Ендігі жерде ел болып осы мәселені жүзеге асыру жолында жұмыла шоғырлануымыз керек.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,

Ақмола облыстық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар