Елбасы шешімі елді ойлаудың көрінісі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдады. «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осыны мәлімдеген Елбасы 30 жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктерін еске салды.

– Бірізді саяси реформалардың нәтижесінде бүгінде жоғары демократиялық стандарттарға сай келетін тиімді көппартиялық жүйе қалыптасты. Биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ, ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың барлығы партия-лар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті, – деді Тұңғыш Президент.

Елбасы Үкімет басшысы мен Мәжіліс төрағасының баяндамаларынан соң биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс істегеніне екпін түсірді. Ол мемлекет алдында тұрған сын-қатерлерге, партияның келешек стратегиялық мақсаттарына жан-жақты тоқталды.

Ол адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерге – жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруі салдарынан саяси алауыздықтың белең алатынына назар аудартты.

– Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Демек, партияның Парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі артады. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын орталықшыл-центристік ұстанымды сақтауымыз қажет. Партияның міндеті – халықты бөліп-жару емес, біріктіру, – деді Н.Назарбаев. Елбасы партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтың Президенттің бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді.

Елбасы мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екенін нықтады. Ол үшін «Nur Otan» партия-сы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай, өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, алдына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қоғамдық институттардың тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге тиіс.
Жиында Елбасы жаңа дәуірде қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Ендігі арада бұл елдіктің жеті тұғыры да біздің нақты іс-қимылымыздың біріне айналуы керек.

Айхан ШӘРІП.

 328 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар