Өзен ауылында мешіт салынды

Таяуда Өзен ауылында заманауи үлгімен салынған жаңа мешіттің құрылысы аяқталып, ел игілігіне қызмет ете бастады. Жалғыз осы ауылдың тұрғындары ғана емес, іргелес жатқан Өркен, Айғыржал, Жамбыл, Азат, Алексеевка елді мекендерінің тұрғындары да жаңа мешіттің ашылғанын ақ түйенің қарны жарылғандай қуанышқа баласты.

Өйткені, бұл ауылдарда бұрын-соңды мешіт үйі болған емес. Енді осы ауылдардың иманға ұйыған жамағаты жұма намазын осы мешітте оқимыз деп құлшынып отыр. Сөз арасында мешіт салу ісіне Рахымбергеновтер әулетінің ұйытқы болғандығын ілтипат сезіммен айта кетуіміз керек. Жақсылық нұры шалқыған шаруаға осы ауылдан шыққан іскер азаматтар да ат салысып, көп болып келелі істі тындырды.

Жүз орындық мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы, аудан мешітінің бас имамы Хабзат Баужанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Әлібаев тәрізді ардагерлер қатысты. Қуаныш қажы салтанатты сәтке жиналған жамағатқа мешіт салудың сауабы хақында айта келіп, жұма уағызын өрбітті.

Соңғы жылдары мешіттердің де саны көбейіп келеді. Ел ішіндегі тұрақтылыққа, ізгілік пен ізеттің өрістеуіне тікелей ықпалын тигізетін мешіт бар жерде, адамгершілік қасиеттердің тереңнен тамыр жаятындығы сөзсіз. Міне, ендігі арада «Есдәулет мешіті» деп аталатын мешіт осындай иманды жолдың берік баспалдағы іспетті. Сөз арасында есімі беріліп отырған Есдәулет туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ел өз ардақтысын ұмытпайды ғой. Осы өлкедегі тананың көзіндей жарқырап жатқан көлге Есдәулет есімін берген. Есдәулет ойпаты дейтін де жер бар.

Тегін адамның аты жер-су аттарына беріле бермесе керек. Есдәулеттің баласы Мұса да ел иесі болған. 1920 жылдары Петропавл-Көкшетау темір жолы салынғанда 11 разъезден бастап Азатқа дейінгі темір жол бөлігіндегі құрылысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

Жаңа мешітке осы ауылдың тумасы Берік Мұхамедияров имам болып бекітілді. Рахымбергеновтер әулетінің талпынуының арқасында туған жердің төсінде тағы бір мешіт жамағатты жақсылыққа баурайтын болады.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар