Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау жақсартылады - АРҚА АЖАРЫ

Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау жақсартылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Назипа Салингреева айтып берді.

Ағымдағы жылдың 12 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Аталған заңға енгізілген өзгертулердегі мүгедектерге қатысты мәселелер брифингте жан-жақты түсіндірілді.

Бұл заңнамалық өзгертулер ұлттық жоспар аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін енгізілген болатын. Бүгінде облыста 29095 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың 26 мыңнан астамы ересектер, қалған 3 028-і 18 жасқа дейінгі балалар. Бүгінде бірінші топтағы мүгедектігі бар жандарға мемлекеттен бөлінетін ай сайынғы жәрдемақы көлемі 65860 теңгені құрайды, ал, екінші топтағылар 52483 мың теңге, үшінші топ мүгедектері 35675 мың теңге жәрдемақы алады.

–Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес енді балалар бұрынғыдай мүгедек бала деп қана есептелмейді. 7 және 18 жас аралығындағы балалар денсаулықтарына байланысты мүгедектік тобына бөлінеді. Облыста осы күні 7 және 18 жас аралығында 2194 бала бар екен. Олардың 334-і бірінші топта жатқызылып, жәрдемақысы 65 860 теңге болып тағайындалды. Екінші топқа жататын 743 ерекше бала 54 541 теңге, үшінші топ деп анықталған 1117 бала 48023 теңге алады. Қалған 7 жасқа дейінгі балалар бұрынғыша мүгедек бала санатында қалып, 48 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы алуда, –деді департамент басшысының орынбасары.

Мүгедек балаларды күтушілерге де мемлекеттен жәрдемақы төленеді. Бұрын күтушілерге бұл көмекті бірінші топтағы мүгедектігі бала кезінен бекітілген кезде ғана төлеген болатын. Бұған дейін оны 737 адам алса, қазір 1773 адам ресімдепті. Мүмкіндігі шектеулі жанға күтуші ретінде жәрдемақы өтініш берген уақыттан бастап, құжаттары дұрыс болған уақытта бірден тағайындалады. Күтушілер кәмелет жасына толған, психикалық аурулар орталығының тізімінде болмаған және мүгедек адаммен бірге немесе бір елді мекенде тұруы қажет.

Жаңа өзгерістерге сәйкес мүгедек бала өзінің асырап бағушысынан айырылатын болса, ол өзінің мүгедектік тобына байланысты жәрдемақысын, асырап бағушысынан айырылғаны үшін және күтуші ретінде бірнеше жәрдемақы ала алады. Мысалы, екінші топтағы мүгедек бала болса, оған мемлекеттен 54541 теңге төленеді, оның үстіне асырап бағушысынан айырылғаны үшін 29 мың теңге қоса тағайындалады және мүгедекті бағып қағушы ретінде 48 мың теңге беріледі.

Қазіргі уақытта бұл жағынан 110 өтініш түсіп, оның 100-іне осындай жәрдемақы тағайындалыпты. Заң аясында мүгедек баласын 18 жасқа дейін баққан күтуші ата-аналарға осы жылдар еңбек өтілі ретінде зейнетақы тағайындау кезінде есептелетін болады.
Мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жағдайын жақсартып, оңалту үшін жасалып отырған мемлекеттік көмек.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар