Заңдылықты қорғау мен қадағалаудың сенімді тірегі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев прокуратура органдарының құрылғанына 30 жыл толуына орай өткізілген салтанатты жиынға қатысып, прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады және сала ардагерлеріне тиісті марапаттар тапсырды.

Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрылған күні – ел тарихындағы биік белестердің бірі. Оның дамуы мен қалыптасуы біраз жылдарды қамтыды.

–Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап республикамыздың аумағында заңдылықтың сақталуын қолға алған прокуратура органдары халқымыздың сенімді тірегіне айналды. Елбасының тапсырмасына сәйкес заңдылықты нығайту жолындағы жұмыстарыңыздың нәтижесі жоғары бағаланып келеді, – деді құттықтау сөзінде Ермек Маржықпаев.

Өңір басшысының айтуынша, биыл облысымыздың прокурорлары экономикалық салада құқық бұзушылықтың 1000-нан астам фактісін анықтаған. 75 мыңнан астам тұрғынның конституциялық құқықтары қорғалды. Прокуратура органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында соңғы 3 жылда облыс бюджетінен 200 миллион теңге бөлінген. Оның 120 миллион теңгесіне өткен жылы қызметтік автокөліктер алыныпты. Биыл облыс прокуратурасының балансына 4 пәтер берілген. Бұл салтанатты шарада да облыс әкімі толық кешенді 3 компьютер техникасын сыйлады.

Осы салада қызметтік борышын мінсіз орындаған бірқатар ардагерлер заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін мерекелік медальдармен марапатталды. Дәл осындай марапатқа Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев пен Ақмола облысының журналистика саласындағы ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев ие болды.

–Тәуелсіздіктің 30 жылында біз прокуратура органдарының қоғам тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауға үлкен үлес қосқандығының талай куәгері болдық. Осы егемендігімізді сақтау жолында прокуратура қызметкерлерінің абыройлы қызмет ете берулеріне шын жүректен тілектеспін! – деп Жабал Ерғалиев өз алғысын білдірді.
–Облыс прокуратурасының ұжымы өзінің алдында тұрған міндеттерді зор жауапкершілікпен, абыроймен атқарып келеді. Біздің қызметкерлеріміз салауатты өмір салтын ұстанып, мәдени-спорттық шараларда да белсенділік көрсетуде. Ел тәуелсіздігімен бірге жасап, алда тұрған міндеттерді іскерлікпен орындай бермекпіз, – деді Ақмола облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Айдос Майлыбаев өз құттықтау сөзінде.

Салтанатты шарада прокуратура органдарының қалыптасуы мен дамуына, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан сүбелі үлесі үшін Бас прокурордың бұйрығымен бірқатар облыс прокуратурасының қызметкерлеріне көтермелеу тәртібімен сыныптық шендер, «Прокуратура үздігі» атағы, ІІ-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар табыс етілді.

Жиын соңында Ақмола облыстық филармониясы өнерпаздарының құлақтан кіріп бойды алар, әсем әндері мен тәтті күйлері мереке иелерінің қуанышын еселей түсті.

Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар