Өрт қауіпсіздігін сақтамау жазатайым оқиғаларға әкеліп соғуда

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеевтің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өткізіп, қысқы жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау мәселелеріне назар аударылды.

Жыл сайын жылу маусымының басталуымен тұрмыстық өрт жағдайлары жиілейді. Олардың негізгі себептері тұрғындардың отпен абайсыз әрекеттері, пештердің жарамсыздығы, электр құрылғыларының қысқа тұйықталуы, сондай-ақ, әдейі өртеу жағдайлары бар. Жылу маусымының басынан бастап, отты пайдалануда абайсыздық таныту салдарынан 31 өрт орын алды. 23 өрт пеш пен жылыту ақаулығынан және электр құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзудан туындады, 13 өрт өртеу фактісі бойынша және тұрмыстық газ баллондарын дұрыс пайдаланбаудан екі өрт оқиғасы тіркелді. Газ баллондарына қатысты жарылыс пен өрт оқиғаларының саны өткен жылғы деңгейде.

–Тұрғын үй секторында барлығы 92 өрт болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға аз,–деген өңір басшысының орынбасары жылу маусымында төтенше жағдайларды азайту үшін өртке қарсы іс-шаралар кешені орындалатынын айтты. Тұрғындар арасында ұйымдар мен кәсіпорындарда алдын алу жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына ерекше назар аударылады. Олардың үйлерінде шамамен 5 мың улы газдың автономды датчигі орнатылды және 1678 түтін мұржасы тазартылды. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына қосымша 824 датчик орнатылады. Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде әлеуметтік мекеме ғимараттарынан және көп қабатты тұрғын үйлерден соңғы 5 жылда 176 қазандық шығарылды. Қалған 60 қазандық сыртқа алдағы екі жылда шығарылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 930 өрт гидранты жөнделді. Бұл бағытқа 33 миллион теңге қарастырылды,–деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

–Биылғы жылдың 16 қарашасында Шортанды ауданының аумағында орын алған қайғылы оқиғаны атап өткім келеді. Мұнда газ баллонының жарылуынан 5 адам, оның ішінде 3 бала қаза тапты, сондай-ақ 6 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті. Осы үйде ағымдағы жылдың 8 қарашасында газ датчигі орнатылып, өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша жадынамалар табысталғанын, соның ішінде тұрмыста газды пайдаланудың қауіпсіздік ережелері де көрсетілгенін атап өту қажет.

Меншік иесі атқарылған профилактикалық жұмысқа қарамастан, өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде,–деген өңір басшысының орынбасары тұрғындар өрт қауіпсіздігі ережесінің талаптарын қатаң сақтау қажеттігін айтты.

Одан әрі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Ерік Тілеужанов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев жылу маусымындағы өрт қауіпсіздігі жөнінде айтып берді.

Олардың айтуынша, бүгінгі күні жекеменшік нысандарын тексеруге мораторий жарияланған. Соның салдарынан газ толтыратын станциялардағы газ баллонының және орталықтандырған газ тарату жүйесінің техникалық жағдайын тексеру кенже қалып отыр. Бүгінгі күні көпқабатты үйлердің электр жүйелеріне Қытайда жасалған сапасыз сымдар тартылады. Бұл сымдар да өрттің шығуына себепкер болып отыр. Бұған назар аударып отырған ешқандай мекеме жоқ.

–Ақмола облысының аумағында 858 төтенше жағдай тіркеліп, одан 121 адам қайтыс болды. Сондай-ақ, өндірістік және тұрмыстық нысандарда 725 өрт оқиғасы орын алды. Өрттің қауіпті факторларынан 21 адам өмірімен қоштасты. Улы газдан 1 адам қайтыс болды, 10 адам жарақат алды. Материалдық шығын 5 миллиард 411 миллион 287 мың теңгені құрады. Жылу маусымы басталғаннан бері облыста 98 өрт болды, – деген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы өрт қауіпсіздігі ережелері жөнінде баса айтты. Брифинг соңында басшылар журналистер қойған сауалдарға нақты жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар