Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орман қоры мен жануарлар әлемін қорғау – маңызды мәселе - АРҚА АЖАРЫ

Орман қоры мен жануарлар әлемін қорғау – маңызды мәселе

Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, өсімдік және жануарлар әлемі қалай қорғалып жатқаны жөнінде айтып берді.

Аталмыш инспекция Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшесі болып табылады. Сондай-ақ, бұл мекеме орман шаруашылығы саласында бақылау және қадағалау міндетін атқарып, жануарлар әлемі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғайды. Аумақтық инспекция басшысы облыстағы мемлекеттік орман қорының жері 1 058 799 гектарды құрайтынын айтты.

–Оның 510 674 гектары орманды алқапқа жатады және 384 785 гектары ағашпен көмкерілген.1013 гектар алқап жекеменшік орман қорына тиесілі. Облыста 23 мемлекеттік орман иесі жұмыс істейді. 13 мемлекеттік орман шаруашылығы облыстық табиғи ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағында. Бұл басқармаға 405441 гектар алқап тиесілі. Сондай-ақ, өңірімізде 3 мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы және өзге де шаруашылықтар орналасқан.

Биылғы жылы орман өртінің 123 оқиғасы болып, 5,3 миллиард теңге шығын келді. Оның ішінде ірі өрт «Бұйратау», «Көкшетау» ұлттық табиғи парктерінде, «Красноборск», «Степногорск» орман шаруашылықтарында болды. Заңсыз отын кесуден және орман заңнамаларын бұзудан орманды қорғауға келетін болсақ, бүгінгі күнге дейін облыс аумағында заңсыз отын кесудің 13 фактісі тіркеліп, 2,2 миллион теңге шығын келтірілді. Бұндай заңсыздық «Көкшетау», «Бурабай» ұлттық табиғи парктерінде, «Ақкөл», «Куйбышев», «Краснобор», «Отрадненск», «Сандықтау», «Кеңес» орман шаруашылықтарында орын алды. Орман бөлімінің еңбеккерлері 110 тексеріс жүргізіп, орман заңнамасының 226 рет бұзылғанын анықтады.

Кінәлілерге 5,5 миллион теңге айыппұл салынды. Шығынның жалпы сомасы 1,9 миллион теңгені құрайды,–деген инспекция басшысы ағаш көшеттерін отырғызу жөнінде айтып берді. Биылғы жылы 4230,01 гектар алқапқа 16,2 миллион дана ағаш көшеті отырғызылған екен. Бұған «Бурабай», «Көкшетау» ұлттық табиғи парктері, «Жасыл Аймақ» кәсіпорыны, «Сандықтау» орман шаруашылығы атсалысыпты. 12,9 тонна орман тұқымы жиналыпты.

–Ақмола облысының аумағында «Казавиалесоохрана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының үш тікұшағы жұмыс істейді. Олар Ақкөл, Бұланды, Шортанды, Зеренді, Сандықтау, Бурабай, Біржан сал аудандарындағы орман алқаптарын әуеден қадағалайды. Биылғы жылы жануарлар дүниесі саласында заңнама бұзушылықтың 12 фактісі тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, Қорғалжын аудандық соты А.Таминге 4,3 миллион теңгенің айыппұлын салды.

Оның мылтығы тәркіленіп, 3 жылға аң аулау құқынан айырылды. Зеренді аудандық соты М.Карюкинді үш жыл бостандығынан айырып, 4,3 миллион теңге айыппұл төлетті. Қаруын тәркілеп, 5 жылға аң аулау құқынан айырды. Бұланды аудандық соты В.Барановкийді 1 жылға бас бостандығынан және 3 жылға аңшылық құқынан айырып, 1,09 миллион теңге айыппұл төлетті. 5 іс бойынша іздестіру жұмысы жүргізілуде.

3 іс бойынша сотқа дейінгі іздестіру жұмысы тоқтатылды. Сөйтіп, жануарлар дүниесіне 26 442 605 теңге шығын келтірілсе, оның 25 пайызы қайтарылды,–деген инспекция басшысы қылмыстық жауапкершілік баптары жөнінде айтты. Брифинг соңында журналистер сауалдарына нақты жауап берді. Киіктердің басына төнетін қауіп-қатер және жайылымдық жердің мәселесіне де тоқталды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар