Халықаралық жемқорлықпен күрес күніне орайластырылған «Өзгерістер толқынында» тақырыбымен Көкшетаудағы «Bolashaq saraiy» ғимаратында өткен формуға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов, облыстың әр ауданы мен қаласынан келген делегаттар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың жетекшілері, ЖОО және орта-арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, мемлекеттік қызметшілер, бизнес және БАҚ өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы виртуалды және «Парасатты отбасы» фотосуреттер көрмелері ұсынылды. Онда қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі бағыттар бойынша жыл ішіндегі жетістіктер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың перспективалары таныстырылды.
Шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермек Маржықпаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
«2004 жылдан бастап БҰҰ бастамасымен жыл сайын 9 желтоқсанда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні атап өтіледі. Сыбайлас жемқорлық жаһандық қауіп төндіреді, сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселеге ұлттық саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде көп көңіл бөледі. Біздің қоғамшылдарымыз бен азаматтарымыздың белсенді қолдауымен бүгінгі күні біз өңірде жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында ауқымды жұмыстар жалғасатынына сенімдімін», — деді Ермек Маржықпаев.
Өңір басшысы қоғам қайраткерлеріне және БАҚ өкілдеріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етті.
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың кешенді шаралары еліміздің халықаралық рейтингтердегі орнын жақсартуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2020 жылы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшы болып қалып, 19 позицияға көтерілді.
Мемлекеттің маңызды жетістіктерінің бірі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (СЖҚМТ) халықаралық ұйымына мүшелік болды. Бұл мемлекеттік органдар мен азаматтардың бірлескен күш — жігерінің арқасында мүмкін болды және бүгінгі форум Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың бірегей алаңын ұсынады», — деп атап өтті Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов.
Бұдан бөлек, халық арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Степногор қаласының әкімі, облыстық білім, ішкі саясат, сондай-ақ мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармалары басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Форум барысында «Парасатты отбасы» байқауының, БАҚ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы байқаудың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен заң саласының өкілдері марапатталды.