Синоптиктер 9-11 желтоқсан аралығында Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9 желтоқсанда ел аумағының басым бөлігіне жауын-шашынсыз ауа райын алып келеді. Аймақ кең антициклонның ықпалында болады. Солайша түнде Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы 20-25-ке дейін, кей жерлерде – 30 аязға дейін, 10 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында – 35 градус аязға дейін төмендейді.
Елдің батыс өңірлеріне Қара теңіз аудандарынан келген циклон әсер ете бастайды. Ол кейінгі екі тәулікте республиканың қалған аумақтарына — шығысқа қарай ауысып, өзімен бірге жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ ала келеді. Желдің екпіні 15-25 м/с дейін күшейеді. 11 желтоқсанның түнінде республиканың солтүстік жартысында ауа температурасы 5-10-ға, кей жерлерде 15-20-ға, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында 25 аязға дейін суытады.
Дереккөз: www.inform.kz