Шетел азаматтары үшін жанармай бағасы 40 теңгеге өседі

– Энергетика министрлігі шетел азаматтары үшін бензин мен дизель бағасын өзгертетін бұйрықтың жобасын жариялады.

«Энергетика министрлігі ішкі нарықта отын балансын сақтап, мұнай өнімдерінің ағындары мен «сұр» экспортының тәуекелдерін азайту мақсатымен автокөліктің жанармай тұтыну көлеміне және шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына нақтыланған бағалары бар бұйрық жобасын дайындады.

Қазақстан қазіргі таңда жанармай бағасына мемлекеттік реттеу жүргізіп отырғандықтан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел болып есептеледі. Бұл мұнай өнімдерінің басқа елдерге шығару және «сұр» экспорт тәуекелдерін туындатады», – деп басталады министрліктің түсіндірмесі.

Бұл жердегі «сұр экспорт» деген ұғым қолданыстағы сараланған бағаны жанармай құю стансаларының сатушыларымен «ымыраласу» арқылы айналып өту тәсілін сипаттау үшін қолданылып отыр.

«Бұйрық жобасы бойынша АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге деңгейінде белгіленеді деп болжанады. Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде баға литріне 205 теңге қалпында өзгеріссіз қалады. Қазақстан Республикасында берілген мотоциклдерге, жеңіл, жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлік ұсынылған кезде тәулігіне 300 литрге дейін – литріне 205 теңге көлемінде», – делінген ресми мәліметте.

Яғни, жанармай стансасында Қазақстанның құзырлы органы берген жүргізуші куәлігін көрсету арқылы бір тәулікті АИ-92 және Аи-93 маркалық бензиннің 100 литрін 205 теңгеден сатып алуға болады. Ал дизельдің бір литрі шетелдік көліктер үшін 315 теңге деп белгіленуі мүмкін. Қазақстандық жүргізуші куәлігін көрсету арқылы бір тәулік ішінде 100 литр дизельді 295 теңгеден сатып алуға болады. Бұл шектен асқан әр литрге 315 теңгеден төлей бастайды.

«Құжатта дизель отынының бағасы (жазғы, маусымаралық) литріне 315 теңгені құрайды деп болжанады. Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейін литріне 295 теңге; Қазақстан Республикасында берілген жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейін– литріне 295 теңге», – деп жазылған түсіндірмеде.

Қорытып айтсақ, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын Қазақстан Республикасында тіркеткен, сәйкесінше көлік салығын Қазақстан бюджетіне төлеп жүрген азаматтар үшін жанармай бағасы қазіргі күйінде, өзгеріссіз қалады.

Бірақ бұл әзірге бұйрық жобасы ғана екенін айта кету керек. Құжат күшіне ену үшін «Ашық-НҚА» порталында жарияланған нұсқасын мүдделі мемлекеттік органдардың бәрі мақұлдауы керек.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар