Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Зеренді ауданына қарасты Айдабол ауылында болып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мәселелеріне назар аударып, осы істің шешімін қарастырды.
Осы жылдың басында елге танымал Айдабол спирт зауыты өз жұмысын тоқтатқан еді. Осы аттас ауыл тұрғындарын жұмыспен, малдың азығымен, мектеп пен балабақшаны жылумен қамтамасыз еткен мекеме жабылғасын зауыт қызметкерлері оны қайта іске қосу жөнінде көмек сұрап, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа жанайқайын жеткізді. Өңір басшысы мәселені жергілікті деңгейде шешіп беруге уәдесін берді. Сол уәдесінде тұрды. Ал, өткен сейсенбі күні қайта іске қосылған зауыттың жағдайын тексеріп қана қоймай, жаңа модульдік қазандықтың құрылысын көріп, оған қосылатын мектеп пен балабақшаның тыныс-тіршілігімен танысу үшін өңір басшысы Айдабол ауылына іссапарамен барды.
«Қуаныш» балабақшасы 2011 жылы ашылыпты. Соңғы 3 жылда шағын орталық ретінде қызметін жалғастырып келеді екен. Зауыттың тоқтатылуына байланысты орталықтағы бала саны азайып қана қоймай, оған берілетін жылу да шектеліпті.
–Мен осы мәселелерді шешу үшін арнайы келдім. Ауылдың дамуын тежемеу керек. Түйіні шешілмей қалған проблемалар көп екен. Міне, зауытты қайта іске қосып жатырмыз. Ендігі мәселе, әлеуметтік саладағы нысандарды жылумен қамтамасыз ету. Себебі, зауыт өз қаржысын үнемдеу үшін балабақша мен мектепке жылу беруді тоқтатуға мәжбүр болып отыр, – деді шағын орталықтың әкімшілігімен кездескен облыс әкімі.
Өңір басшысы бұдан кейін кеңес заманында мәдениет клубы болған, кейін жекеменшікке өтіп, қирандыға айналған ескі ғимаратқа соқты.
–Біз осы орталықты салу үшін 145 миллион теңге қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Алайда, ол қаңырап бос тұрмауы керек. Жастарға арналған орталық болғандықтан, кітапхана, жасөспірімдер спорт мектебі, шаңғы тебу және басқа да үйірмелер осында көшірілсін. Ауылда 172 бала бар. 50 шақты студент қалаларда білім алуда. Ал, болашақта оларды ауылда ұстап қалу үшін осындай мәдени орталықтардың болғаны дұрыс, – деген Ермек Маржықпаев құрылыс келесі жылы басталатынын айтты.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы жаңадан салынып жатқан модульдік қазандықтың құрылысымен танысты. Қатты отынмен жылытатын қазандықтың жалпы құны 37,5 миллион теңге. Бұл қаржы облыс бюджетінен бөлініп отыр. Құрылыстың өзі толығымен келесі аптада аяқталады. Облыс әкімі құрылыс жұмыстары біткеннен кейін оған тек мектеп пен балабақшаны ғана емес, сонымен қатар, тұрғын үйлерді де қосуды тапсырды.
Жаңа модульдік қазандық Айдабол орта мектебінің маңында орналасқан. 1982 жылы салынған мектепте бүгінде 200-ге жуық оқушы білім алуда. 39 ұстаздың ішінде бір ғана мұғалім жоғары санатты екен. Демек, ауылдағы білім сапасы сын көтермейтінін ескерген өңір басшысы мектепке құны 150 миллион теңге болатын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, 3 қабатты үлкен мектептің заманауи техникамен жетілдірілген бірде-бір кабинеті жоқтығын айта келе, бұл кемшіліктерді түзету үшін тиісті тапсырмалар берді.
Елге танымал Айдабол спирт зауытының құрылғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен. Кәсіпорынның 200-ге жуық қызметкері бар. Күні бүгінге дейінгі жетістігіне тоқталар болсақ, Қазақстандық сапа орталығының сертификатын алған. «Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатымен аталып өтіп, 2016 жылы Мәскеу қаласында өткен халықаралық конкурста 3 номинация бойынша гран-при иегері атаныпты.
–Бүгінде елімізде нарықтық бәсеке қарыштап келеді. Заманауи технологиямен қамтамасыз етілген спирт зауыттарының саны артуда. Сіздердің зауыттарыңыздың тоқтап қалуы да осы себептен болды деп ойлаймын. Сондықтан, қайта іске қосылуға беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, жаңадан күш салып, жұмыс істеңіздер. Ол үшін зауытты заманауи техникамен қамтамасыз ету керек. Сіздерді мектеп пен балабақшаны жылыту жүктемесінен босатып жатырмыз. Спирт алу үшін бидай дәнінің қоры жасалуда. Сондықтан, еш алаңдамай жұмысқа кірісіңіздер, – деп Ермек Маржықпаев зауыт қызметкерлерінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ал, зауыт қызметкерлері өз кезегінде кәсіпорынның түбегейлі жабылып қалмауына, ауыл тұрғындарының жұмыссыз жүрмеуіне септігін тигізген өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, шынайы алғыстарын жаудырды.
–Бүгін біз толыққанды жұмыс істеп жатқанымызға екінші күн болды. Барлық зауыт қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының атынан сізге үлкен алғыс айтқым келеді. Біздің ауылымызда туындаған мәселеге бейжай қарамадыңыз. Зауытымыз қайта іске қосылады дегенді естігенде қуанышымыз қойнымызға сыймады. Кейбіреуі қуанғаннан жылап та жіберді, – деді бұл орайда, зауыттың бас технологы Юлия Зинченко.
Айдабол ауылына жұмыс сапары барысында Ермек Маржықпаев ауыл тұрғындары, ел ағаларымен де жүздесіп, ел үшін маңызды мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.
Зеренді ауданы.