Балтабай балуан

Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген жазиралы далада күн кешкен аруақты, атақты тұлғалар аз емес. Әр белесі, әр төбесі тылсым тарихты тұмшалап, уақыт шымылдығымен бүркемелеп жатыр емес пе?! Саф алтындай жарқыраған сол тұлғалардың ел есінде сақталған жарқын бейнесін аршып алып, қасиеті мен қастерін қайтадан ел есіне оралтып, жаңғыртудың маңызы өте зор.

Бұл дегеніңіз қазақ деген халықтың мәртебесін үстем етіп, айбынын асқақтатары сөзсіз. Сондай өмірі өнеге, талайлы тағдыры кейінгі ұрпаққа өміршең, үлгілі болуға әбден лайықты арыстың бірі – Балтабай балуан.

Қорғалжын ауданындағы Абай ауылынан солтүстік шығысқа беттесеңіз, шамасы бір шақырымның төңірегінде Ұлы Даланың тынымсыз желі мен ақ жауынынан әбден мүжілсе де, көз ұшында мен мұндалап тұратын Балтабай кесенесі көрінер еді. Кешегі Кеңес заманында, бір кезде Алаштың аспанында ақиық қырандай сорғалаған, замандастарынан асып туған ғаламат күш иесі туралы көп айтылмады. Бәлкім сол себепті де тарихы қатпар-қатпар болғанымен, оқулығы пышақтың қырындай қазақ тарихының төрі түгілі босағасынан орын алмағаны өзекті өртейді.

Ел тәуелсіздігін алған соң бір кезде елеусіз қалған ескерткіштерді тауып, анықтап, тылсым тарихын тірілтіп, зерделеу жұмыстары 2004 жылдан қолға алына бастады. Ілкімді ізденістің, төл мәдениетімізге, ата тарихымызға деген шексіз перзенттік махаббаттың игі әсерімен республикалық маңыздағы 4, жергілікті маңыздағы 1032 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынды. Ал, облыстың киелі жерлері тізіміне 46 нысан енгізілсе, соның 11-і жалпы ұлттық тізімге тіркеліпті. Неткен рухани байлық десеңізші. Осындай ыждаһатты істің бастауы «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануынан желі тартқанын көзі қарақты жалпақ жұрттың бәрі біледі. Пікірімізді шегелей түсу үшін белгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың аталы сөзін еске түсіре кетелік. Жазушы бір сөзінде былай деп еді: «Біздің даламыздағы тарихи ландшафтылар біреулердің салып кеткен қалаларынан ешбір кемдігі жоқ».

Біз тілге тиек етіп отырған Балтабай кесенесі алғаш рет 2006 жылы ғана зерттеліпті. Әуелі «Қазжоба қалпына келтіру» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері ғылыми-зерттеу және жобалау мекемесінің өкілдерімен ауқымды істі бірлесіп атқарған көрінеді.
Балтабай балуан туралы тылсым тарих не деп тіл қатады екен? Енді, осы төңіректе өреміз жеткенше баяндап көрелік.

–Балтабай мазары өз заманында атақ-даңқы алысқа кеткен атақты Құсбектің баласы Балтабайға тұрғызылған. Көне көз қариялардың айтуына қарағанда, осы деректерді ол кісілер сол құрылысқа араласып, салған адамдардың аузынан естіген. Басқа мәлімет болмағандықтан, осы уәжді қисынды деп санаймыз. Өткен күн – бұлыңғыр. Ақиқаттың әлібі аңызға айналғандай. Атақты Құсбек туралы азды-көпті мәлімет болғанымен, заманында талайдан бағы асқан алып күш иесі Балтабай балуан туралы нақты дерек тым аз. Қанша дегенмен, арада 3 ғасырға жуық уақыт өтіп кетті ғой.

Тарихшылардың топшылауына қарағанда, Алаш даласындағы еңселі ескерткіштер уақытында халықтан бағасын алған белгілі адамдарға ғана, кісілік келбеті, адамгершілік ажары жоғары дала перзенттеріне ғана тұрғызылған. Кез-келген адамға кесененің салына бермейтіндігі – шындық. Осы арада ел аузында сақталған жарқын мысалдың бірін қайта тірілтейік. Балуанның болмысын айнытпай көз алдыңызға келтіре алмасақ та, еміс-еміс сұлбасы, көңіл аулайтын, жаныңды баурайтын келбетін елестететініңіз сөзсіз. Балтабай балуан ат жалын тартып мінгелі жауырыны жер иіскемеген жампоздың өзі болыпты. Дала ерлері ерен күштің иесін ғана бағалаған. «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір басқа, жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа», – демекші, балуандықпен бағы асқан Балтабай балуанның бір белдесуінен мысал келтіре кетелік.

Ел ішінде тау қопарып, тас шайнаған түкті білек балуандар аз болмаған. Балтабай балуанның дәурені жүріп тұрған шағында ат тұяғы жететін жерлерден, айшылық алыс елдерден іздеп келіп, күш сынасатындар да болыпты.

Аты шығып тұрған Балтабай балуанмен белдеспек болғандар ел шетіне табан іліктірген соң сұрау салады екен. Білетіндер жол нұсқапты. Ақыры кездесіп, жауырына қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай түйе балуан екеніне көз жеткізген. Елдегі адамдар: «Біздің өңірде белдескеннің белін үзген балуан бар. Бірақ, жай адам емес, аузынан жалыны шығып тұрған түйе балуан. Оқиға өршіп кетсе, жаралы болып қаларсың» – деп ескертеді екен. Көптің дөңайбатынан қонақ балуан да сескенеді. Батырға да жан керек деген осы шығар.

Ақыры белдескен. Балтабай балуан оң жамбасқа алып, бір-ақ ұрыпты. Қара жер қарс айрылғандай, жалғанды жел көтергендей болыпты.
Осы оқиғадан кейін ормандай қалың Темеш руынан шыққан Балтабай балуанға көз тиіп, оқыс өмірден қайтқан екен. Бұл туралы Абай ауылының тұрғыны Мұхамедкәрім Тынбаев өз әкесінен естігенін әңгімелеп айтып берді.

Сайын далада самал желге сыр шертіп, ескінің есті әңгімесін бүгіннің келбетімен жалғастырып тұрған көне кесене шикі кірпіштен өрілген көрінеді. Күнбезінің үстіңгі бөлігі опырылып түсіпті. Дархан даладағы даралық пен асқан күштің белгісіндей болып тұрған күмбез уақыт сынына шыдамаған шығар. Есесіне құйма құлақ қариялардың көкірегінде қалған екен. Күмбезді жиектей, жанамалап айналсаңыз, төрт қырлап жасалғандығы көзге шалынады. Негізі екі бөліктен тұрғызылған. Арқаның айбарындай болып тұрған көне ескерткіштің биіктігі көз мөлшерімен алғанда 8 метрге жуық. Қабырғалары да пілдің жон арқасындай жалпақ екен. Кіре-берістегі қақпасының өзі еңселі адам еркін кіретіндей.

Ел адамдарының айтуына қарағанда көне қорымда мазарлар көп болғанға ұқсайды. Бірталайы уақыт тезіне шыдамай жермен жексен болыпты. Ал, Балтабай балуанның күмбезі тұтастай алғанда дін аман. Қабырғаларына, зәулім биіктегі күн сүйген күмбезіне жапан далада белдесер жан таба алмай өткен балуанның бойындағы күш қуат құйылып тұрғандай көрінеді. Иә болмаса зілмауыр салмақты балуанның өзі өз кесенесін көтеріп тұрғандай.

Білетіндердің айтуына қарағанда күмбездің ішінен құран кітаптар көп табылған екен. Кім білсін, балуанның жақсы аталары жалғыз қайтпас қара күшті ғана емес, имандылыққа баурайтын дінді де ардақ тұтқан-ау немесе ақ қашып, қызыл қуған аласапыран заманда қылышынан қан сорғалап тұрған большевиктердің асыл дінді апиын санап, қожа молданы қойдай қуған кезінде қасиетті құранды Балтабай балуанның қабіріне, қабіріне емес, қойнына тыққаны шығар…
Міне, осыдан келіп, жұлдыздай аққан жүйрікті, шырақ боп жанған жігітті ардақтайтын Алаш баласының Балтабайдай балуанды еш ұмытпасы сөзсіз…

Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар