Биыл соғымның жайы қалай болар екен?!.

Әсіресе, Арқа қазағы қысқы азық үшін соғым сою дәстүрінен әлі жаңылған жоқ. Соғымның азық ретіндегі берекесі өз алдына, жұрттың жабылып жылқы жығып, жаңа сойылған еттен қуырдақ жесіп қаужаңдасуы, одан қыс бойы бір-бірін құрметтеп, омыртқаға шақырысуы бір дәурен.

Соғым бармақ па, елі ме, сүйем бе немесе «кірпіш» шықты ма, ол да қызу әңгіме. Соғымы семіз шыққанның мерейі үстем, көңілі тоқ. Қонағына дәмін қысылмай ұсынады. Сол себепті де, сояр малын қырық күн қорада күтіп, жемдеп, жылқысы жалданып, жаясы жайылып, қоңданғанда жығады.

Биылғы қуаңшылықтың малды арытқаны шындық. Егіннің шығымы да мәз болған жоқ. Соның салдары, міне, шаруаның алдынан шықты. Жем қымбаттады. Арпаның бір тоннасы 100 мың теңгеге таяды. 35-40 килограмдық бір қабы 5 мыңға жуық. Бұл ауыл адамы үшін аз қаражат емес. Қалтаң көтерсе, жем сатып алып, малыңды семіртіп, қымбатырақ сатасың. Қымбат соғымға, тағы, алушы табылса жақсы…

Ауылдағылардың айтуынша, өрісте жүрген жерінен ұстап сойған малдың қоңы онша емес. Ол белгілі де ғой. Бірақ, шаруа баққан жұрт «бәлкім, тәуір шығып қала ма?» деген үмітін үзбейді. «Бір жақсылықтың бір жамандығы болады» демекші, олар бүгінгі алымды-шалымды комбайндарға кейде ренішпен де қарайды. Бұрынғыдай емес, қазір егістік алқапта бір түйір сабан қалмайды. Қылтанағын қалдырмай турап тастайды. Жаз жайлауы тар, өрісі кемшін жылқы малы қысқы тебінге шыққанда да ен жатқан егіндік жерден тіске ілінер түк таппайды.

«Үзеңгі, айыл сияқты ат әбзелдері де бұрынғысынан қымбаттап кетіпті» деп те бас шайқасады, ауылдағылар. Сонымен, бүгінгі күні семіртілмеген, өрістен ұстап әкеліп сояр тайыңыздың құны 350 теңгені маңайлайды. Байтал мен ірі жылқының бағасын осыдан бағамдай беріңіз.

Бұл соғым туралы аз-кем әңгіме. Ал, дүкеннен сандықтай-сандықтай мұздатқыштар алып, дәм-тұзын сонда сақтайтын бүгінгі жастар бүтін бір жылқыны ұзақ уақыт «мүжігеннен» гөрі, аз-аздан, жаңа сойылған мал етін, сиыр, қой, құс еттерін алып, арасында балық етін де пайдаланғанды жөн санайды. Кім біледі, қымбатшылық қыса берсе, бүтіндей соғым алушылар азайып, ол дәстүр де алыстай бере ме, қайтеді? Қайдам? Дегенмен, қазақ қызыл қуырдаққа қарық болып, ағайын-туғанымен бір дастархан басында отырып, соғым сойып, омыртқаға жиналуын біржола ұмытып кетпес. Мейірбан қазақ қонақсыз отыра алушы ма еді…

Серік САПАРҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар