ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында халықты ревакциналау тактикасы өзгергенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлемде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия халықты қайта вакцинациялау тактикасын қайта қарады. Осылайша, 8 желтоқсаннан бастап 6 айдан кейін вакцинацияны екі дозамен аяқтаған барлық адамдар, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар да қайта вакцинациялауға жатады. Бүгінгі күні ревакцинациямен 44 702 адам қамтылды», – деді министр. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясы штамдарының айналымдағы нұсқаларының мониторингін тұрақты негізде жүргізіп келеді. «Мәселен, «Омикрон» штамының пайда болғанын ескеріп, Алматы қаласында аталған штамм нұсқасына тән мутацияның болуына алдын ала ПТР скринингі жүргізілді. «Омикрон» штамының нұсқасы айналымы анықталған жоқ. Қазақстанның барлық өңірлерінде іріктелген оң сынамалардың үлгілерін толық геномдық тұрғыдан тексеру жалғасуда», – деді Алексей Цой.
https://www.coronavirus2020.kz/kz/revakcinaciya-taktikasyn-ozgerttik-aleksey-coy_a3872184