Аграрлық саланың даму жайы талқыланды

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының аграрлық секторды дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңесі отырысында «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасын «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асыру барысы, соның ішінде ет және сүт өнімдерін өндіру жайы талқыланды.

Жиынды осы кеңес төрағасы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Умар Шоназаров жүргізді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Х.Итқұсовтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы өткен он ай ішінде малдан алынатын өнім көрсеткіштерінің 1,2 пайыздан 23 пайызға дейін өскендігіне, етті мал шаруашылығын дамыту облыста екі бағыт бойынша жүргізіліп келе жатқанына тоқталды.

Олар – жаңа ет фермаларын ашу және бұрыннан бар ет фермаларын жетілдіре түсу, бордақылау алаңдары жүйесін құру. Бүгінгі таңда 36 мың бастан артық малды бір мезгілде семіртуге қоюға мүмкіндік бар. 2018 жылдан бері 386 ферма құрылған, оларда 22,6 бас мал бар. Оның ішінде осы жылы 5714 бас малды құраған 109 ферма ұйымдастырылды. «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасына сәйкес «Жол картасы» бағдарламасына 92 ферма енсе, келер жылға тағы 83 ферма құру жоспарланған. Қазір 56 тауарлы-сүт фермасы болса, олар жылына 100,0 мың тонна сүт өндіруде.

Баяндамашының айтуы бойынша 1000 бас шамасында мал ұстайтын ірі, мамандандырылған өндірістер болмай, өнім көлемін жоспарлы деңгейге жеткізу мүмкін емес. Ондай жобалар бар. Оларды жүзеге асыру үшін қаражатпен қамтамасыз ету, жеңілдікпен несие жолдары қарастырылуы қажет.

Кеңесте Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Ж.Салыбеков, Есіл ауданы әкімінің орынбасары А.Мақсұмхан, Біржан сал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ж.Әубәкіров, Целиноград аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Дулатов сөз алды. Олар өз аудандары бойынша фермалардың құрылу, өндірілген өнімдердің мөлшері туралы деректерді алға тартып, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, ерейментаулық Б.Әкімов ауылдық жердегі мал өсірудің жайы, ет бағасының қымбаттауының себептеріне тоқталды. Мәселен, жемшөп қымбатшылығы өз алдына, мал терісін, мал жүнін ешкім қабылдамайды. Бұл да еттің өзіндік құнын арзандатуға әсер ететін фактор емес пе? Неге мал терісін, жүнді қабылдау орындары ұйымдастырылмайды, деген сұрақ көлденең тартылды.

Қоғамдық кеңес төрағасы У.Шоназаров жиынды қорытындылап, кеңесте талқыланған мәселелер бойынша ұсыныстар айтылған қаулы дайындалып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын айтты.

Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар