«Алаштың ардақтысы – асыл Ахаң»

Осындай тақырыпта Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен қала мектептерінің оқушылары арасында ұлттың ұлы ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарын жатқа айту сайысы болып өтті.

Сайыс мақсаты оқушы балалардың бойында адамгершілік абзал қасиеттерді дамыта отырып, көркем сөз оқу машығына дағдыландыру, ақынның «Қырық мысал» кітабын насихаттау, мысал мазмұны арқылы жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге тәрбиелеу болып табылады. Білім сайысында алдын ала іріктеу сынынан өткен тоғыз бала өзара бақ сынасты.

Мысал – өмір шындығы. Өмірдің өзінен алынған оқиғаларды өрнекті өлеңмен, кестелі сөзбен суреттей отырып, оқырманына ой салатын осындай тағылымы мол әдеби шығармалардың өскелең ұрпаққа берер тәлімі мол. Атап өтерлігі, байқауға қатысқан оқушылардың барлығы барынша жақсы өнер көрсетуге тырысты. Қалай дегенмен де, бізді желкілдеп өсіп келе жатқан көкөрім жастардың ана тілге деген құрметтері мен сөз өнерін жетік меңгерсем деген талпыныстары қуантты. Әсіресе, тіл тазалығымен, дауыс ырғағымен, актерлік шеберліктерімен сыннан мүдірмей өткендерге тәнті болдық.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының ұйғарымымен өз қатарластарынан оқ бойы озық тұрған Краснояр №1 орта мектебінің оқушысы Камила Сәлімжан жүлделі бірінші орынмен марапатталды. Ал, жүлделі екінші орынды Көкшетау қаласындағы №5 көпбейінді «Таңдау» мектеп-гимназиясының оқушысы Меруерт Махамбетова мен Краснояр селосындағы №1 орта мектебінің оқушысы Альмира Авкубаева өзара бөліссе, үшінші орыннан Көкшетау қаласындағы №19 орта мектебінің оқушысы Айдана Орал мен Краснояр №1 орта мектебінің оқушысы Зейнеп Жамилахынқызы көрінді.

Байқауды қорытындылап, сөз сөйлеген қазылар алқасының төрағасы, ақын-жазушы, философия ғылымдарының докторы Ерболат Баятұлы жас өрендерге алғыс айта келіп, жылы лебізін білдірді.
Байқау жүлдегерлері мен қатысушылары ұйымдастыру алқасының дипломы және бағалы сыйлықтарымен марапатталып, естелік суретке түсті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар