«Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 18 мыңға жуық ақмолалықтың пәтер мәселесі шешілді. Биылғы жылы аталған бағдарлама бойынша өңірде 655 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру жоспарланып отыр. 5 мыңнан астам ақмолалық өз үйлерінің бақытты иегерлеріне айналады, – деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Облыстық құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес он айдың қорытындысы бойынша 483 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл ақмолалық 3,2 мың отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Қараша-желтоқсан айларында 2 мыңға жуық ақмолалық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 70 көппәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 37 пәтер жалға беріледі, 33 пәтер кредиттік тұрғын үй.
Облыста мұқтаж азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар үшін облыста 411 жалға берілетін пәтер жоспарланған, оның ішінде 131 пәтер көп балалы отбасыларға арналған. Кредиттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы Көкшетау, Степногорск, Ерейментау және Макинск қалаларында алаңы 30,3 мың шаршы метр болатын 459 пәтерлік 8 кредиттік үй пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Ақмола облысында «7-20-25, әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бағдарламасы іске асырылуда, бағдарлама бойынша облыс бес көшбасшы облыстардың қатарында. Осы бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері 2 235 өтінім қабылданды, оның ішінде 1 625 отбасы өз баспаналарына ие болды.
Жыл сайын облыста тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша оң серпін байқалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 574 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – бұл шамамен 5000-нан астам пәтер.
Тәуелсіздік жылдары өңірде 6,9 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. 62,4 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлерге көшті. Бүгінде бір Көкшетау қаласының өзінде қайда қарасақ, құрылыс кранына көзіміз түсетіні облыс бойынша тұрғын үй құрылысының алда да өрістейтінін көрсетсе керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.