Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жыл сайын мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды сақтау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.
Инспекцияның жұмыс жоспары негізінде ұтқыр топтар құрылады, олар Ақмола облысының барлық аумағында құқық қорғау және табиғат қорғау қызметтерімен, мемлекеттік орман мекемелері және мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің қызметкерлерімен бірлесіп, ормандарды заңсыз кесуден және басқа да орман заңдылығын бұзушылықтардан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 2 қаңтардағы №403 VI Қазақстан Республикасының Заңымен 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 381-1-бапқа мынадай өзгерістер енгізілді.
1 бөлім. Үй маңындағы, саяжай мен бақша учаскелеріндегі ағаштар мен бұталардан басқа, бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейін залал келтіре отырып, орман қорына кірмейтін және кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау, сол сияқты, орман дақылдарын, орман питомниктері мен плантацияларындағы егілген не отырғызылған көшеттерді, сондай-ақ ормандарды молықтыру және орман өсіруге арналған алаңдарда өзі өсіп шыққан шыбықтарды, өскіндерді не қолдан отырғызылған екпелерді жою немесе зақымдау – заңсыз кесілген ағаштар мен бұталар, көрсетілген бұзушылықтарды жасау құралы болған бұзушының көлік құралдары және өзге де заттары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2 бөлім. Бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейін залал келтіре отырып, орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау – заңсыз кесілген ағаштар мен бұталар, көрсетілген бұзушылықтарды жасау құралы болған бұзушының көлік құралдары және өзге де заттары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – бір жүз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3 бөлім. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда немесе әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңсыз кесілген ағаштар мен бұталар, көрсетілген бұзушылықтарды жасау құралы болған бұзушының көлік құралдары және өзге де заттары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – бір жүз елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – төрт жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алты жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Олай болса, баршамыз да осы айтылғанға терең мән беріп, жасыл байлыққа қол сұқпайық, қайта оны сақтауға, молайтуға үлесімізді қосайық. Осыны әсіресе, жаңа жылда бір сәттік қызық үшін шыршаны кесуге бейім тұратын кейбір тұрғындар қатаң ескерсе, жасыл желекке жаудай тиіп, опық жеп қалмаса екен дейміз.
Абзал ҚҰСАЙЫНОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының
бас маманы.