Жемқорлықпен күрес – баршаға міндет

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы жеті басым бағыт ретінде бюджеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету, цифрландыруды одан әрі дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету мәселелерін атады.

Бұл тұрғыда қоғамдық бақылауды күшейтуге назар аударды. Жемқорлыққа жол бермеу – соттардың да басты мақсаты. Бүгінде сот ісін жүргізу оңтайландырылып, жеделдік артты. Сот төрелігі  қолжетімді, жүйе жұмысы ашық. Азаматтар қызметтер мен кеңестерді кедергісіз алуда. Судьялыққа үміткерлер мен судьяларға қойылар талаптар қатайтылды.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңының 26-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелер мен шарттар белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе онымен күресте жәрдем көрсеткендер мемлекет қорғауында болады және бұл туралы ақпарат мемлекеттік құпия саналады. Сонымен қатар, оларға Үкімет Қаулысымен біржолғы ақшалай сыйақы түрінде жүзеге асырылатын көтермелеу шаралары белгіленген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және лауазымды тұлғалар жүргізуге міндетті.

Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясында айқындалғандай, мемлекеттік қызметтерді алу рәсімі ашық және неғұрлым жеңіл болған сайын, соғұрлым сыбайлас жемқорлық деңгейі де төмендейді. Бүгінде ақпараттық технологиялар арқылы адам факторы азайып, стратегияда көзделген мақсаттар біртіндеп орындалуда.

Еліміздің жарқын болашағы үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу күн тәртібінен түспейтін мәселе. Себебі, аталған кесел экономикамыздың өсіп-өркендеуін тежеп қана қоймай, ел дамуына орасан нұқсан келтіреді. Жемқорлық пен парақорлықтың алдын алуда азаматтардың құқықтық мәдениеті мен сауатын көтерудің маңызы зор. Сондықтан, құқықтық сауатты, заңға деген құрметті арттыру шараларын бұдан әрі де күшейту – қоғам талабы.

А.Әбімұратова,
Бурабай аудандық сотының судьясы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар