Ақмола облысында Тәуелсіздігіміздің мерейтойына арналған халықаралық айтыс өтті

Облыс орталығы, Қазақстанның мәдени астанасы – Көкшетауда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – Тұғырым» атты халықаралық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Ақындар айтысына Қазақстан, Қырғызстан және Қытайдың түрлі аймақтарынан 12 айтыскер қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара қазақ халқының рухани мұрасын насихаттауға, ақындық импровизацияны дамытуға, ақындардың мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін арттыруға, халықты дәстүрлі фольклорлық шығармашылыққа баулуға бағытталған.

Қатысушылардың шеберлігін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Құдайберли Мырзабек, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Ерболат Баятұлы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жамбек, ақын, журналист, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Алмас Темірбай бағалады.

Ақындық турнир барысында ақындар республиканың егемендік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарын, саяси тұрақтылықты, достықты, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін жырлады.

Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлде мен 1,5 миллион теңге көлеміндегі сертификатты Батыс Қазақстан облысынан келген Мурадым Мирланов жеңіп алды.

Бірінші орын және 1 миллион теңге сомасындағы сертификатты Қырғызстаннан келген Темірбек Матыбаев иеленді.

Екінші орынды Қытай Халық Республикасынан Ерлан Аманқожа мен Нұр-Сұлтан қаласынан Әсем Ережеқызы алды. Оларға 650 мың теңге сомасында сертификаттар берілді.

Үшінші орынды Ақмола облысының өкілдері бөлісті – Көкшетаудан Нұрмахан Жақыпбек және Ерейментау ауданынан Ерлан Дәулет 500 мың теңгенің сертификатын алды.

«Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола жерінде жарқын мәдени іс-шара өтті. Қатысушылардың әрқайсысы шеберлік пен импровизацияның жоғары деңгейін көрсетті. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін және барша қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтаймын», – деді айтыскер Нұрмахан Жақыпбек.

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өңірде 1000-нан астам түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді.

 300 Total Views,  4 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Өзге де жаңалықтар