Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 11-12 желтоқсанда Алматы қаласында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің базасында информатикадан 13-ші Еуразиялық олимпиада (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері арасында) өтті.
Олимпиада білім беру саласындағы үкіметаралық келісімде, сондай-ақ Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университетімен жасалған ынтымақтастық туралы келісім-шарттың негізінде ұйымдастырылды.
Олимпиада жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың, дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының 7-11 сынып оқушылары арасында ағылшын және орыс тілдерінде өткізілді. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстаннан 53 команда қатысты.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру, оқушылардың ақпараттық мәдениетін дамыту және есептеу ғылымдары, компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар саласында дарынды жастарды анықтау болып табылады.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушылары Руслан Ибодуллаев мен Аян Қарабаев (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері арасында) ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Аслан Оспанов.