Билік жүйесіндегі сабақтастық – дұрыс таңдалған жол

Елімізді отыз жылға жуық басқарған, жаңа замандағы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 сәуірінде елдегі билікті келесі Президентке тапсыру жөнінде транзит жасауды бастады.

Бұл үдеріс көптеген шетелдік сарапшылардың пікірінше, бірауыздан ерекше саяси, әрі батыл қадам деп бағаланды. Сөйтіп, еліміздегі билік жүйесіндегі лауазымды тұлғалардың бейбіт, эволюциялық жолмен ауысуы қамтамасыз етілді. Бұл бағытта бей-берекетсіздікке жол берілмеді.

Осындай форматтағы биліктегі тұлғалардың ауысуын осыдан бірер жыл бұрын Қытай Халық Республикасында Дэн Сяопин жүзеге асырса, посткеңестік кеңістікте табысты түрде жүзеге асырып отырған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып отыр. Қарашаның 23-і күні еліміздегі «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінде сөйлеген сөзінде бұл қадамдарға ел басшылығының көп ойласып барғандықтары мәдімделіп отыр. Әлемдегі территориялық жағынан ірі, халқының этникалық, конфессиялық құрамы әртекті мемлекеттер қатарындағы Қазақстан секілді ел үшін биліктің бірегейлігі принципі аксиома екендігі баса айтылып отыр.

Осыған дейін еліміздегі ұлтаралық келісім мен ұлттық-мемлекеттік бірегейлігімізді қамтамасыз етуші институт болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығы қызметі Президент құзыретіне өткізілген болса, еліміздің стратегиялық даму бағдары мен бағыттарын 1999 жылдан бастап айқындап отырған «Nur Otan» партиясының да тізгіні Президент Қ.Тоқаевтың қолына өтуі біздің елдегі билік транзитінің салиқалы саясат жолымен жүріп келе жатқанының айғағы.

Билік жүйесінің осылайша сабақтастық жолмен ауысуының дұрыстығын Қазақстан орналасқан геосаяси аймақта соңғы кездегі Ресейдегі, Қытайдағы, Ауғанстандағы саяси жағдайлар көрсетіп отыр. Қытай мен Ресей сияқты алыптардың геосаяси қыспағындағы елдің өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделеріне негізделген саясатты жүргізуі оңайға түсіп отырмағаны белгілі. Бірер қазіргі саяси қатынастар шындығынан мысал келтірер болсақ, Қазақстан Еуропа елдері сияқты энергетика өндірісін дамытуда «жасыл энергияға» екпін түсіріп келеді.

Батыс қыспағында қалған Солтүстіктегі көршіміз Балқаш маңында атом электр станциясын салуға мүдделі болып отыр. Немесе, Қазақстан цифрландыру саласында Ресейден көш ілгері тұрса да, олардың Сбер платформасы арқылы қазақстандық сандық нарықты өз бақылауына алу әрекеттерін айтсақ та жеткілікті. Ал, осы «Nur Otannyñ» саяси кеңесінде Қазақстанның көпвекторлық сыртқы саясаты онан әрі де жалғасын табатындығы айтылды.

Ел тәуелсіздігін нықтай түсу мақсатында Еуропалық даму векторын таңдаған сәттен Украинада, кейін Беларусьтағы шытырман оқиғалар біздің еліміздің де территориялық, идеологиялық жағдайларына өз әсерін тигізіп отырғаны мәлім. Осы бір алмағайып заманда еліміздің аумақтық-территориялық тұтастығы мен азаматтық бірлігін қамтамасыз етудің маңызы да өлшеусіз артты. Әлем елдерінде орын алып отырған пандемия, биылғы құрғақшылық әрине еліміздегі тұрмыстық жағдайдың құлдырауы мен бағаның өсуіне алып келді. Осындай қалыптасқан жағдайда Қ.Тоқаевтың бастамшылығымен басталған реформаларды жеделдетудің қажеттілігі күшеюде.

Қазіргі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы сара жолын жалғастыра отырып, қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне лайықты жауап беретін саяси бағыт ұстануда. Ал бұл сындарлы жылдарда сыналған саясаттың заңды жалғасы болып табылады. Доминантты көппартиялық жүйе, күшті Президент билігі, осы заманғы Парламенттік жүйе осының бәрі еліміздегі билік жүйесіндегі сабақтастықты, табысты, экономикалық әлеуеті мықты мемлекет қалыптастыруға, тәуелсіздігімізді мәңгілік баянды қылуға қызмет етеді деп білеміз.

Тарихта тәуелсіздікке ие болып, содан кейін оны 20-30 жыл ішінде жоғалтып алған талай елдер болған. Қазақстан болса, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев пен оның сара жолын жалғастырушы көрнекті мемлекет қайраткері, халықаралық аренада кезінде аса танымал дипломат ретінде танылған қазіргі Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен тұрақты өркениетті даму жолымен жүріп келеді.

Осы дүниеде барлық елдер үшін ортақ даму рецепі жасалмаған, себебі, әр елдің өзінің тарихи даму жолы мен ұлттық мәдени даму жолы бар. Халықаралық қатынастар жүйесінде дербес ел болып отырғанына 30 жыл толып отырған бүгінгі Қазақстан аса күрделі геосаяси жағдайда өзінің даму жолын таңдай білген беделді мемлекеттің бірі санатында екендігі күмән тудырмайды.

Алмагүл КҮШПАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Қазақстан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар