«Өткенді ой елегізінен өткізбей алға жылжу болмайды» деген халықтың асыл сөзі бар ғой. Сексен бестен асқан жасымда екі дәуірдің куәгері болғандықтан өткен тарихымызды еске ала отырып, тәуелсіздігімізге қол жеткен 30 жыл ішінде, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жіберген кемшіліктер мен қатар жеткен жетістіктеріміз туралы толғанбақпын.
Аңсаған тәуелсіздігімізге жеткен жылы туған жастарымыз орда бұзар отызға келіп қалды, олар тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенімізді білуге тиісті ғой. Жуырда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы біраз жастарды қатыстырып, дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырды. Екі-үш ардагерді шақырған екен, мен де сол жиынға қатыстым. Тәуелсіздік алған 30 жыл жастарға не берді? «Ауыл – елдің алтын тұғыры», «Ауылды қалай көтеру керек?» деген сұрақтарға тұшымды жауап болмады. Сондықтан, тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихы мен жетістігін жастардың санасына жеткізу үшін талай жұмыстар атқару керектігін сезіндім. Өткен ғасырға топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, қателігі мен жетістігін, өзімнің көрген-білгенімді айтпасам, кінәлі болармын.
Социализм заманының халыққа пайдалы үш жағдайы болды. Бірінші, ақысыз жаппай білім беру саясаты. Екінші, емханада ақысыз емделу, уақытында шипажайға жолдама беріп, дем алдыру. Үшіншісі, жастарды тәрбиелеудегі тұрақты идеология. Ең қателігі, еңбек бостандығының болмауы, ол социализм заңына қайшы келетін ұғым болды. Бұған өз тұрмысыңды түзеу, ауқатты болу, баю жатады. Одан әрі, нарықтық экономикаға кірудің жолын таба алмауы. Батыспен араласып алыс-беріс болмауы. Шекара жабық болды. Әсіресе, Батыс елдерінде шығарылып жатқан жаңа техника мен технологияға қолымыз жетпеді.
Біз орталықты шикізатпен қамтамасыз ететін ел болдық, оған бара-бара етіміз үйреніп алды. Экономиканы әртараптандыру үшін уақытында реформа жүргізілмеді, осы себептен жылдан-жылға еңбекке талпыну, қызығушылық азая берді. Азық-түлік, киім-кешек азаймаса көбейген жоқ. Орталық халықтан шу шықпасын деп алдап, себепсіз ақшаны басып шығара берді, экономиканың заңы аяққа басылды. Ақшаға алатын товар болмағандықтан, халықтың табысы өлі капиталға айналды. Ең кемінде Европа елдерімен салыстырғанда экономикамыз 20-30 жыл артта калды. Осы кемшіліктер одақтың күйреуіне себеп болды. Тағы бір кемшілігі дінге қарсы күрес, атеизмінің дамуы. Адамды Алласынан ажыратып, дінсіз етті.
…«Айсары» совхозында бас агроном қызметін атқарып жүрген кезім еді. 1970 жылы қаңтар айында еңбек демалысына шығып, ағайындардың амандығын білейін деп елге келдім. Кешкі ас ішіп болғаннан кейін атам Абдрақман (ел Әбен дейтін) мені әңгімеге тартты. Сен білім алдың, коммунист болдың, қызмет атқарып жатырсың, ақ пен қараны айыратын жасқа жеттің – қуаныштымын. Тоқсанды жағалаған жасым бар. Совет үкіметі орнамай тұрып, Неғметжан, Тәшен деген қажылардың (Ортақ ауылы – даңқой елі) жылқысын бақтым, әрқайсысы мыңдап жылқы айдаған байлар еді. Үкімет орнағаннан кейін де колхоздың жылқысын бақтым, еңбекпен есейдім, өмірім жылқы бағумен өтті. Қажылар уақытында еңбек ақымызды төлеп тұрды. Үй салып берді, үйлендірді, жерлестеріне жұмыс тауып берді.
Олар елдің бірлігін сақтауға, имандылықты орнықтыруға, адамдарға ізгілік тәрбие беруге шақырды. Осы күнге дейін түсінбейтінім үкімет, коммунистер ешқандай себепсіз байларға неге тиісті? Үкімет сендерге тиіспейміз жылқыларыңды ортаға салыңдар дегенде қарсы болған жоқ, берді. Жылқыларын алғасын сөзінде тұрмай, байларды, имамдарды, қажыларды қуғын-сүргінге салды, ит жеккенге айдатты.
Көре-тұра өтірік айтты. Халық «Өтіріктің құйрығы бір ақ тұтам», – деуші еді, өтірікке құрылған үкіметпен коммунистер ғұмыры ұзаққа бармас деді де үндемей ойланып көп отырды, менен жауап күтті. –Ата, мен коммуниспін, коммунист партияның көмекшісі деп бізді оқытты, құлағымызға құйды. Партияның саясатына қарсы сөйлеген адам партияның сенімінен айырылады, жұмыстан қуылады. Сондықтан іштей сізді түсінемін, жақтаймын. Ашық айтып, жарыққа шығара алмаймын, – деп жауабымды аяқтадым.
Осы ұзақ әңгімеден түйгенім, атамның оқығаны болмаса да тоқығаны мол екенін, көрегендігін сездім. Солай болды да. 1991 жылы 8 желтоқсан күні өтірікке құрылған империя күйреді, келмеске кетті. Кезінде әділетсіздік пен шындықты бұрмалаудың неше түрлі құйтырқы қылықтарын көргендіктен, кіжінумен өткен айлар, айтыс, тартыспен өткен жылдар есіме түсіп, империяның құлағанын, партияның келмеске кеткенін – қуанышпен қарсы алдым, бұл менің шындығым еді.
Орталықтың, Мәскеудің билік жүргізіп тұрған кезінде Қазақстанда – елге, халыққа пайдасыз, ешқандай талдау жасалмай, неше түрлі сынақ, экспертимент, реформаның құйтырқы саясатын жүргізді.
1963 жыл 24 сәуір күнтізбемнен үзінді ұсынайын:
«Совхоз партия ұйымының хатшысы В.М.Волошин мені кабинетіне шақырып: – Орталық комитеттен Хрущевтың бұйрығы келді. Қазақстанда жылқы мен түйе өсіру пайдасыз, жайылымды басады, егінді жейді. Сондықтан халықтан жылқы мен түйе алынып, ет комбинатына тапсырылсын, берген малдың бағасының 50 пайызын үкімет төлейді, 50 пайызы үкіметке тегін берілсін деген. Сондықтан, сен Қызылағаш бөлімшесіне барып, жылқыларын тапсыру жөнінде халықпен үгіт-насихат жұмысын жүргізіп келесің» деді.
Мен ойланбастан баруға бас тарттым. «Себебі не?» деп сұрағанда: – Сіз қазақ халқының тұрмыс-салты, дәстүрімен танысып үлгерген жоқсыз, оған уақыт керек шығар. Жылқы қазақ үшін мінсе – көлік, ішсе – қымыз, жесе – азық. Үкіметке ешқандай ауыртпашылық түсіріп отырған жоқ. Ет, сүтті совхоздан сұрамайды, адал еңбек етіп азын-аулақ малын өсіріп, күнін көріп отыр. Артығын сатып бала-шағасын асырап, оқуын оқытып жатыр…
Осылай тапсырманы орындаудан бас тартқаным үшін, партияның бұйрығына қарсылық білдірді деп маған парткомның отырысында ескерту жариялады. Бірақ Н.С.Хрущевтың эксперименті ұзаққа бармады. Осыдан кейін Н.С.Хрущев: – Коммунизм келді, ауыл мен қала теңестіріледі, ауыл азық-түлікті дүкеннен сатып алсын, малдарын ортаға тапсырсын деген ұран тастады. Екі-үш үйге бір сиыр, не екі үйге бір ешкі ұстауға рұқсат берді. Тура айтқанда халықты меншіктен жирендіру саясатын жүргізді, бұл дегенің сиыр саумайтын, май шайқамайтын, айран-қымыз ашытпайтын, құрт, ірімшік дайындамайтын жұрт ету. Қазақты малдан айырып, таяғын ұстап қалатын кедейшілік күйге келтіру еді. Көп үйдің шайға сүті болмай қиналды. Бұл реформаның өмірі де ұзаққа бармады, дүкенге ет, сүтте түсе қоймады. Оның есесіне ақ нан жеп отырған халық жүгерінің ұнын өлшеп, дорбалап сатып алатын күйге ұшырадық.
Өткен ғасырда Қазақстанның Премьер-Министрі болған Ә.Қажыгелдин орталықтан қалмаймын деп өзінше экперимент жүргізуді қолға алды. Капитализм келді, нарықтың заңына негізделген жеке шаруалар құрылады. Азық-түлікті енді шет елдерден сатып аламыз, деген жоспарын елге жеткізген болды. Бұл пікірді қандай талдау жасап айтқаны халықтың арасында түсінбестік тудырған еді. Нарық келіп алқымнан алып, байлауы жоқ баға негізсіз өскен кезде, әуелі абдыраған тағы да ауыл болды, нарықтың қатал заңына түсіне алмай сергелдеңге түсті. Жекешелендіру желеуімен халықта қаражат болмағасын баспа-бас айырбас жүргізіліп, ауыл бұл жолы баққан малынан үшінші рет айырылды. Осы себептен шаруаларда малдың басы күрт азайып кетті.
Әлі де есімде, 1990 жылдың аяғы, еліміздің тәуелсіздік алған жылдары менің астық қабылдап, сақтайтын элеваторды басқарған кезім еді. Шаруашылықтарда егіннің шығымы жақсы болды, сол астықты алып сақтауға қарсы неше түрлі кедергілер кезікті. Күндіз жарық бермейді, жанар май да жетіспей жатты, суды бірде беріп, бірде бермей халықтың берекесі кетті. Шаруашылықтардың астығы бүлініп, малдары күтілмей иесіз қалды. Үкімет ешқандай талдау жасамай үстірт жекешелендіру саясатын жүргізді, мемлекеттің дүниесін оңды-солды таратты. Сол кезде үкімет шаруашылықтың барлық саласын бір жұдырықта ұстап, бақыламай, әлсіздік танытты. Тізгінді тартып ұстаудың орнына босатып жіберді. Басшылардан көмек болмағасын әркім өзінің күнін көру қамын ойлады.
Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауырлап кетті. Қазынада қаражат болғандықтан, мемлекет қызметкерлері айлап жалақы, зейнеткерлер зейнет ақы, мүгедектерге әлеуметтік зейнет ақы төленбеді. Дүкендерде азық-түлік сөресі бос тұрды, кейбір қалаларда жылу берілмей, тұрғындар сыртқа от жағып, тамақ пісірген кездері болды. Басқаша айта алмаймын, құпия құйтырқы теріс әрекеттер жүргізіліп жатқандай көрінді.
Елдің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, елдің болашағын ойлап қиыншылығын жеңу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев бүкіл жауапкершілікті мойнына алды. Қазақстандықтар оған үлкен сенім білдіріп, қолдау көрсетті. Ал, ол елді алға бастырудың жолын тапты. Бірінші – экономика, екінші – саясат деп халыққа түсіндірді. Экономиканы түзеу үшін қаржы болмағандықтан, бай елдерден инвестиция тартты, экономикалық байланыс жүргізілді. Осының арқасында елдің экономикасы түзеліп, халықтың әл-ауқаты жақсарды.
Қазақстан индустриялды-аграрлық елге айналды. Жаңа техника мен технологияға қолымыз жетіп, азық-түлік, өнеркәсіпке керек заттарды экспортқа шығарды. Экономиканың тірегі ауыл шаруашылығы болғандықтан, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында алдағы жылдары 2700 ауылды дамытуға миллиардтаған қаражат бөлінді. Елбасы ғылымсыз, білімсіз экономиканы дамыту қиын болатынын сезіп, әлемде теңдесі жоқ халықаралық «Болашақ» бағдарламасын бекітті. Оның мақсаты – қабілетті жастарды іріктеп, оларға дамыған мемлекеттердің іргелі университеттерінде сапалы білім алуға жағдай жасалды, осының арқасында мыңдаған жастарымыз шет елде білім алып, елге оралып, әртүрлі салада еңбек етуде.
Алматыдан астанамызды Ақмолаға көшіру Елбасының саяси батыл шешімі еді. Сарыарқа жерінде Қараөткелдің төрінде Астана орнатуды Елбасы өз жауапкершілігіне алды. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Астананы орнатудың архитекторы өзі болғандықтан, астананы Нұр-Сұлтан деп атау орынды деп ойлаймын. 24 жылдың ішінде Астана әлемге танымал қалаға айналды. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағына иеленді. Бүгінде Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды.
Осы жылдардың ішінде Астанада медициналық, мәдениет, әдебиет, спорт кешендері бой көтерді, мектеп, балабақшалар салынды. Елордада экономиканың негізін өнеркәсіптік өндіріс, көлік, байланыс, сауда және құрылыс орындары құрылып, қаланың гүлденіп өсуіне айтарлықтай көмегін тигізді. Елбасының сындарлы саясатының арқасында мемлекеттік тілдің дамуына ерекше мән берілді. Үлкен форумда – ешнәрседен, ешкімнен қаймықпай – «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», –деп ұран тастады. Бұл дегенің тілге, елдің болашағына деген жанашырлығы емес пе?
Ақмола облысы астаналық облыс болғаннан кейін, орталық зор жауапкершілік артып отырғандығы белгілі. Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін азық-түлік белдеуін жақсы қалыптастыруда керекті азық-түліктің 35-40 пайызын Ақмола облысы қамтамасыз етеді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын толымды табыстармен қарсы алып отыр. Облысымыз экономикасы жан — жақты дамыған, республика бойынша алдыңғы қатарлы облыс. Бүгінде аграрлық аймақ емес – индустриалды-аграрлық аймақ болып қалыптасты. Тартылған инвестициялардың арқасында әлемдік стандартқа сәйкес келетін жаңа заманауи жоғары технологиялық зауыттар мен фабрикалар құрылды. Ауыл және коммуналдық шаруашылығы техникаларын құрастыратын кәсіпорындар ашылды. Астық, май дақылдарын, картоп, көкөніс өндіру жылдан жылға молайып келеді. Мал шаруашылығында да оң жетістіктер бар. Ет, сүт, май, құс етін өндіруден облыс ішкі рынокты толтырып елорданың да қажеттілігін қамтамасыз етуде.
Ауылдар мен аудандарды сумен қамту оңтайлы шешімін тауып жатыр. Медициналық қызметтердің сапасы жылдан жылға жақсаруда. Облысымызда тұрғын үй құрылысы жақсы дамып келеді. Облысымыздың орталығы Көкшетауда да үлкен серпіліс, жақсы өзгерістер болып жатыр. Биылдың өзіне қалада үш көпір салынды. Жаңадан салынған «Болашақ сарайы» – қаланың жастарына қызмет көрсетіп жатыр. Қопа көлінің жағасын абаттандырған жұмыстар – қала тұрғындарын шексіз қуанышқа бөледі. Білім ошақтары, балабақша, емхана, тұрғын үй құрлысы жақсы дамып келеді. Көшелер асфальтталып, бірнеше аллеялар салынды, үйлердің маңайы абаттандырылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту қарсаңында Көкшетауда Алаштың бір туар асылдары Алихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасовтарға, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ташеновке көшелердің аты берілді.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті, жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековке қарашаның еңселі ескерткіші қойылды. Бұл халқымыздың есінде қалатын, көп жылдан бері армандаған арманы еді. Сол арман Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаевтың қолдауымен және құрмет көрсетуінің арқасында жүзеге асты. Көкшеліктер қуанышты сезімде және шексіз риза. Еркін ағамыз биіктен көз тастап, рухы халқының амандығын, елдің тыныштығын тілеп тұратынына сенеміз. Біздердей қарттар тәуелсіз елімізбен бірге жасасып, жастарға өнеге тәрбие беріп, мейірімді сөзімізді айтып жүру – зор бақыт. Тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты, болашағы зор болып, мәңгілікке жалғассын!
Алтай Нұрғасымұлы,
еңбек және тыл ардагері.
Көкшетау қаласы.