30 жылда алпыс мың ақмолалық тұрғын жаңа баспанаға ие болды

Құрылыс саласы еліміздің өндірістік әлеуетіне ықпал ететін жетекші салалардың қатарына жатады. Ақмола облысында да бұл сала экономиканың ең жедел дамып келе жатқан секторларының бірі болып табылады. Оны өңірде көптеп бой көтерген құрылыс нысандары да айғақтай түседі.

Өткен тарихқа үңілсек, Ақмола облысындағы құрылыс қарқыны сонау тың және тыңайған жерлерді игеру кезінен бастау алады. Халық арасында «Хрущевка» деген атауға ие болған осындай тұрғын үйлерді бүгінгі күні облысымыздың қала мен селоларынан көптеп кездестіруге болады. 1980 жылдары «Тұрғын үй-91» бағдарламасы аясында көптеген көп қабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда, қала да, дала да құрылыстан кенде болмады.

Ал, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында тұрғындар үшін өзекті мәселе болып табылатын тұрғын үйге қолжетімділік бойынша Ақмола облысының жетістігі қандай? Осы орайда, біз облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіровке жолығып, әңгімеге тарттық.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Ақмола облысында 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 60 мыңнан астам ақмолалық отбасы өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Жеке меншік инвестиция есебінен 80 пайыздан астам тұрғын үй салынды. Оның 60 пайызы жеке меншік тұрғын үй құрылысына жатады.

Өткен ғасырдың 90 жылдарының соңында бір адам 13 шаршы метр пәтермен қамтамасыз етілсе, бүгінгі күні бұл көрсеткішті бір адамға 23 шаршы метрге дейін көбейтуге қолжеткізілді. Бұл азаматтарға берілген тұрғын үйлердің жайлылығын айғақтайды. Соңғы 5 жылда Ақмола облысында құрылыс қарқын алды. Бұны облыс орталығының және өзге елді мекендердің құрылысынан көруге болады. Осы жылдары тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде.

Жыл сайын 400 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 мыңнан астам пәтер тапсырылады. Мәселен, облыс орталығында Сарыарқа шағын ауданы бой көтеруде. Ескі үйлердің орнына көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда. Қаланың іргесінде сәулетті жер үйлер секторы пайда болды. Ақорданың іргесіндегі ауылдарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қосшыға биыл қала статусы берілді. Сондай-ақ, аудан орталықтарында көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелердің ғимараттары салынуда. Биылғы жылы Ақмола облысында 655 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда,–деген облыстық құрылыс басқармасының басшысы бұл көрсеткіш өткен жылғы межеден артық екенін айтты.

Бюджеттің қаржысы есебінен 20 көппәтерлі жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл дегеніңіз 50,3 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 761 пәтер. Оның ішінде 140 көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартады. 11 айдың қорытындысы бойынша 557 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 мыңнан астам пәтер тапсырылады. Жыл сайын тұрғын үйлерді пайдалануға берудегі жалпы көлемнің қомақты үлесі жеке меншік тұрғын үй құрылысына тиесілі.

Жеке меншік тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін бюджеттен жыл сайын аталмыш құрылыс алаңына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартуға қаржы бөлінеді. 2018 жылы Ақмола облысының аудандарында 1610 жер учаскесінің жеке меншік тұрғын үй құрылысының алаңы жүйемен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы тағы 354 жер учаскесі инженерлік жүйемен қамтамасыз ету жоспарланды. Ақмола облысы бұрынғыдай алдыңғы қатарлы бес облыстың ішінде. Сондай-ақ, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларын есепке алмағанда «7-20-25» ипотекалық бағдарламаға қатысушылар арасында алда келеді. Оны жүзеге асыру басталғанда Ақмола облысында 14 миллиард теңгенің 1501 өтінімі мақұлданды.

Бүгінгі күні «Сарыарқа» шағын ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және апатты жағдайдағы 9 қабатты тұрғын үйдің тұрғындары үшін салынып жатқан бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысын «Сафди» серіктестігі жүргізуде. Біз құрылыс басында Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, серіктестік меншігінің иесі Шамрат Сәдуақасовты жолықтырдық.

–Біз 2012 жылы «Сарыарқа» шағын ауданындағы «Арай» бала бақшасын салдық. Сол кезде жергілікті тұрғындар бұл жерде шағын аудан тұрғызылатынына сенбеді. Міне одан бері 9 жыл өтті. Шағын ауданда ІТ мектебі, өрт сөндіру бөлімшесі және 60 шақты көп қабатты тұрғын үйлер салынды. Бүгінгі күні білім және денсаулық саласы нысандарының құрылысы жүргізілуде. «РК-2» бу қазандығы бұл шағын ауданға жақын болғандықтан, пәтерлер жылы.

Пандемия құрылыс материалдарын сатып алуға кедергісін тигізді. Дегенмен, үш тұрғын үйдің құрылысын жаңа жылдан кейін тапсырамыз. Келесі жылы тағы 2 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын қолға аламыз. Мемлекет құрылыс саласына көп қаржы бөледі. Тек қана жобалық-сметалық құжаттамасын уақытында жасау қажет. Ол үшін де қомақты қаржы керек,– дейді Шамрат Сәдуақасов бізбен әңгімесінде.

Серіктестікте 26 құрылысшы жұмыс істейді екен. Олар тас қалаушы, сылақшы, балташы, кафельші, электрик бригадаларына бөлініпті. Мұндағы қазақ жігіттері құрылысшы мамандығының қыр-сырын жете меңгерген екен. Атап айтқанда электр дәнекерлеуші Жанат Қажкенов, тас қалаушы Нұрбек Құрманов, сантехник Юрий Кондратенко, бригадир Роза Әбілова, аталмыш серіктестік директоры Еркін Әміржанов өз міндетін абыроймен атқарып жүр. Біз құрыш қолды құрылысшыларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, осынау игілікті жұмысына сәттілік тіледік.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерде: кезекті жаңа үйдің құрылысы және құрметті құрылысшы Шамрат Сәдуақасов.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар