Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, өңірде инклюзивті білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттерінің желісін кеңейту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Есіл қаласының №2 орта мектебінде 50 орындық инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті ашылды.
«Бұл ерекше қажеттіліктері бар бала өсіп келе жатқан отбасы үшін үлкен көмек. Біз ерекше қажеттіліктері бар балалардың қоғамнан шет қалмай, өз құрдастарымен қарым-қатынаста болғанын қалаймыз. Кабинеттің мектепте орналасқаны өте жақсы. Менің ойымша, дәл осы кабинетте ерекше қажеттіліктері бар балаларды мамандар уақытылы қабылдап, оларға көмек көрсететін болады», – деп атап өтті инклюзивті кабинеттің ашылуында аудан әкімі Еркебұлан Баяхметов.
Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі атап өткендей, Есіл қаласының №2 орта мектебінің базасында ашылған кабинет балаларды дамыту және оқыту үшін қажетті арнайы жабдықтармен жабдықталған. Мұнда психолог, әлеуметтік педагог, логопед және дефектолог жұмыс істейді. Осыған ұқсас инклюзивті білім беруді қолдау ресурстық кабинеті жақында Астрахан ауданының Жалтыр ауылында ашылды.
Айта кетейік, биыл өңірде 8 инклюзивті кабинет ашу үшін қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша барлығы 15 инклюзивті кабинет бар.